Дәстүрлі садақ атудан Республикалық ашық турнир өтеді

10 Наурыз 2020, 16:03
2551
Бөлісу:
Дәстүрлі садақ атудан Республикалық ашық турнир өтеді
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының Талғар ауданында дәстүрлі садақ атудан оғы жерге түспеген сұрмергендер сайысы өтеді.

Жарыстың негізгі ұйымдастырушылары ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясы.

Еліміздің жетпістен астам таңдаулы мергені сынға түсетін бұл бәсеке биылғы жылдың маусымашар жарысы және Түркияның Ыстамбұл қаласында өтетін «Fetih Kupası» атты халықаралық жарысқа қатысушыларды іріктеу болмақ. Аталған Республикалық ашық турнир ерлер мен әйелдер арасында өтеді. Ерлер үшін нысана қашықтығы 50-70 метр болса, әйелдер үшін нысана қашықтығы – 40-60 метрді құрайды – дейді ұйымдастырушылар.

Еске салып өтсек, Түркиядағы дәстүрлі садақтан нысана ату халықаралық жарысы 29 мамырда Ыстамбұл қаласында ту көтереді. Жарыстың ресми атауы "8-th Conque Cup Fetih Kupası". Жыл сайын дәл осы мезгілде дүниежүзінің "ши үстінен шіркей атқан" даңқты сұрмергендерінің басын қосатын бұл бәсекеде өткен жылы 52 мемлекеттің 520 спортшысы қатысқан. Былтырғы "Fetih Kupası" халықаралық жарысында біздің елдің төрт мергені бақ сынаған болатын.

Турнир Алматы облысы, Талғар ауданы, Т.Рысқұлов селосындағы «SPORT PROPERTY MANAGEMENT» көпфункционалды спорт кешенінде 15 наурыз күні 10:00-де басталады.

Өзгелердің жаңалығы