Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда медицина қызметкерлері үшін 40 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталды.
Өңір басшысы Ермек Маржықпаев облыс орталығында бой көтеріп жатқан жаңа нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты. Мердігерлердің айтуынша, 260 пәтерлік баспана жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Өткен жұмада дәрігерлермен кездесу кезінде тұрғын үй құрылысын сәуір айының соңында бастаймыз деп уәде еткен болатынмын. Көріп отырғандарыңыздай, медицина қызметкерлеріне арналған баспана құрылысы сәтті басталып кетті. Ендігі жерде жұмыс қарқынының бәсеңдемеуіне және сапасына баса назар аудару қажет. Нысанды уақытында тапсырсақ, осы бағытта қолға алған жобаларымызды ары қарай да жалғастыруға тырысатын боламыз. Дәрігерлерді үймен қамту өңірдегі өткір проблемалардың бірі. Өкінішке орай облыста медицина мамандарының тапшылығы да баспана мәселесімен байланысты болып отыр, - деді облыс басшысы.
Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, биыл Ақмола облысында білім, денсаулық, мәдениет, спорт, тұрғын үй нысандары мен инженерлік инфрақұрылымға 26,7 миллиард теңге бөлініп отыр.
Биыл өңірде төрт денсаулық сақтау нысандарының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Атап айтқанда, бұл – Целиноград ауданының Қосшы ауылындағы емхана, Көкшетаудағы онкологиялық емхана, Шортанды ауданының Степное және Целиноград ауданының Софиевка селоларындағы дәрігерлік амбулатория құрылыстары.