COVID-2019. Өскемендегі қызмет көрсету нысандарында рейд жүргізілді

12 Маусым 2020, 17:52
1622
Бөлісу:
COVID-2019. Өскемендегі қызмет көрсету нысандарында рейд жүргізілді
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемендегі шағын кәсіпкерлік нысандарының көпшілігінде қарапайым карантиндік талаптар сақталмай отыр.

Бұл туралы бүгін қаладағы шағын және микробизнес нысандарын аралаған мониторингтік топтың рейді барысында белгілі болды.

Өскемен қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің бас болуымен құрылған мониторингтік топтың құрамына санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдерімен қатар, қалалық әкімдіктің және полиция басқармасының қызметкерлері кірді. Карантиндік талаптардың сақталып немесе сақталмайтынын анықтауға бағытталған рейд барысында қоғамдық тамақтану және шаштараздық қызмет көрсететін нысандар тексерілді.

Адамдарға үгіт-насихат жүргізетін уақыт аяқталды. Өскемен қаласында коронавирустық инфекцияға қатысты жағдайды тым жақсы деуге келмейді. Қазіргі уақытта еліміздің Денсаулық сақтау министрінің шағын және микробизнесті тексеруге рұқсат беретін барлық құжаты дайын. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің өңірлерде мониторингтік топтар құру жөніндегі қаулысы да бар. Осыған сәйкес, мұндай мониторингтік топтар барлық жерде, соның ішінде Өскеменде де құрылған. Ол күнделікті рейдтік шаралар жүргізіп отырады. Біздің дайындаған ұсыныстарымыз барлық бұқаралық ақпарат құралында жарияланған. Оны барлық кәсіпкер білгенімен, талаптарды барлығы бірдей сақтамайды, - дейді Өскемен қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Михаил Дерябин.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің айтуынша, мониторингтік топтың тексерген бірнеше қоғамдық тамақтану орындарында санитарлық талаптар толық деңгейде сақталмай отырған көрінеді. Сонымен қатар, ол рейд барысында бизнес нысандарында дезинфекциялайтын құрылғылардың жоқтығы, санитайзерлердің орнатылмауы, үстелдер арасындағы екі метрлік әлеуметтік арақашықтықтың сақталмауы, қызмет көрсететін құрамның маска режимін сақтамауы, байланыссыз термометрияның болмауы сияқты бұзушылықтардың анықталғанын атап өтті.

IMG_20200612_151056.jpg

Бұзушылықтар анықталған нысандарға қатысты анықтау актісін жасалып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 462-бабы, 3-тармағына сәйкес хаттама толтырылады. Сонан соң материалдар сотқа жолданады. Сот бұл нысандардың жұмысын тоқтату немес жұмыстарын тоқтата отырып, әкімшілік жазалау қолдану жақтарын қарастырады, - деп қосты қалалық бас санитарлық дәрігер.

Жауапты тұлғаның айтуынша, бұзушылықтар анықталған нысанға 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін көрінеді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдерінің қалалық кәсіпкерлік бөлімімен бірлесе жүргізетін рейдтеріне кей кездері "Nur Otan" партиясының, кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен мәслихат депутаттары да шақырылып отырады.

Біздің пандемия жағдайында өмір сүргенімізге үш айдың жүзі болды. Барлық мәселе жоғарғы, төменгі деңгейлерде айтылған. Сол себепті енді қайта түсіндіруге емес, нақты шаралар қолдануға кіріскен дұрыс деп ойлаймын. Сол себепті біз мұндай рейдтік жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп отыратын боламыз. Бұдан бөлек, біз қалалық әкімдікпен бірлесе отырып қонақ үйлер мен отельдерге тексеру жұмыстарын жүргізудеміз. Кеше жүргізілген мониторингтің қорытындысын айтсақ, тексерілген 6 қонақүйдің тек екеуі ғана жұмыс істеуге рұқсат алса, қалғанына қатысты оң шешім қабылданған жоқ, - деп қосты жауапты тұлға.

Мониторингтік топтың бүгінгі күні өткізген рейді барысында тексерілген нысандардың барлығы дерлік санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзып отыр деуге келмейді. Рейд кезінде бас сұққан бірнеше қызмет көрсету орындарында қажетті дезинфекциялық құралдар дайындалып, қызметшілер құрамының маска режимін сақтайтыны көрініп тұрды.

Бұқаралық ақпарат құралдарынан жарияланған облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен бекітілген талаптармен жақсы таныспыз. Қалалық әкімдіктің де қызметкерлері келіп түсіндіріп кеткен. Қазіргі уақытта біздің салонның қызметкерлері маска режимін, клиенттер отыратын орындар арасындағы екі метрлік әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып жұмыс жүргізуде, - дейді қаладағы барбершоп нысандарының бірінің әкімшісі Кирилл Лесной.

Өзгелердің жаңалығы