Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа коронавирус мутацияларының бірі ерекше контагиозды саналады.
Яғни, ол оңай әрі жылдам көбейеді, адамнан адамға беріледі және оның таралуын тежеу қиын, - деді АҚШ-тың бас инфекционисі Энтони Фаучи "Journal of the American Medical Association" басылымына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Италияда байқалған вирус дәл осы G614 штамы. Соңғы мәліметтер бойынша, бұл елде 240 961 адам COVID-19 инфекциясын жұқтырып, 34 818 науқас қайтыс болған. Ал Қытайдың Ухань қаласында басқа штам болды.
"Sheffield COVID-19 Genomics Group" тобы зерттеушілерінің еңбектеріне сілтеме жасаған сарапшы жаңа мутация коронавирустық инфекцияның Ухань вирусынан да ауыр симптомдарын тудырады дегенге ешқандай дәлел жоқ екенін атап өтті.
SARS-CoV-2 коронавирусының таралу жылдамдығы көптеген факторға байланысты, бірақ бұл жерде мутация маңызды рөл атқарады. Бұған қатысты туындаған дау бар, бірақ, менің ойымша, мутация вирустың көбеюін жеделдетеді және оның адам ағзасында шоғырлануын арттырады, - дейді дәрігер.
Айта кетейік, АҚШ-та 4 шілде күні 2 890 588 жұқтыру жағдайы расталды, 1 235 488 адам жазылып шықса, 132 101 адам қайтыс болған.