Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін эпидемиологиялық жағдай туралы ақпаратпен бөлісуді жөн көрдім. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек facebook-тегі парақшасында жазды.
Бүгінгі таңда аймақтағы тыныс-тіршілік коронавирус инфекциясымен күрес шараларының тиімділігіне тікелей байланысты болып отыр. Бұл ретте ең алдымен дәрігерлеріміздің күш-жігері мен тұрғындардың қалыптасқан жағдайда жауапкершілік танытуы нәтижесінде эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік туды. Сәуір айынан бастап КВИ-ді емдеу үшін 44 аурухананың қызметі қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта төсек орын жүктемесі 16%-ға дейін азайды. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейден 10%-ға төмен. Осының нәтижесінде соңғы екі апта бойына дәрігерлер жоспарлы госпитализация шараларын іске асыруды қолға алды. Науқастану деңгейінің төмендеуі 37 госпитальдің қызметін уақытша тоқтатуға мүмкіндік берді. Бұл нысандар індеттің екінші толқыны орын алған жағдайда қызметтерін қайтадан жандандыратын болады. Тағы екі госпиталь 17 тамыздан бастап қызметін тоқтатады. Қалған 5 аурухана өз жұмысын жалғастыруда, - деді ол.
Әкім айтқандай, 17 тамыздан бастап карантин шаралары кезең-кезеңімен жеңілдету жұмыстары қолға алынады.
Сауда орталықтары мен жабық базарлар, сұлулық салондары мен фитнес-клубтар, моншалар мен сауналар ашылады. Балалар мен ересектерге арналған білім беру орталықтары, балабақшалардағы кезекші топтар және таза ауадағы аттракциондар жұмыс істей бастайды. Бұл ретте мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің 80% үшін қашықтан жұмыс істеу нысаны және бұқаралық іс-шараларды өткізуге, ойын-сауық мекемелерінің, бассейндер мен жағажайлардың, сондай-ақ діни объектілердің жұмысына тыйым салу сақталады, - деді ол.
Сонымен қатар, демалыс күндері қатаң карантин шаралары сақталып, жоғарыда аталған нысандар жұмыс істемейді.
Санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтау әлі де өте маңызды. Ашық ауада, үй-жайларда, көлікте бетперде киіп, кемінде екі метр әлеуметтік қашықтықты және қол гигиенасын сақтау қажет. Орын алған індет туралы біз әлі де көп нәрсені білмейміз. Сарапшылардың пікірінше, күзгі-қысқы кезеңде коронавирустың таралуына байланысты жағдай шиеленісуі мүмкін. Сондықтан біз бұған әзір болуымыз керек. Биылғы қазан айына дейін Абай, Балқаш, Теміртау, Шахтинскідегі жұқпалы аурулар ауруханаларын қайта құру және жөндеу жұмыстары аяқталады. Қазіргі уақытта Жезқазғанда 200 орындық модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы басталды. Қазан айында аталған нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр, - деді ол.
Сонымен қатар, ауруханаларды заманауи медициналық техникамен жабдықтау жалғасуда. Қазіргі уақытта қолданыста 192 ИВЛ аппараты, 1500 оттегі концентраторы және 645 пульсоксиметр бар.
Қазан айына дейін тағы 500 оттегі концентраторы, 1500 пульсоксиметр, 151 ИВЛ аппараты жеткізілетін болады. Сондай-ақ, 24 нысанда медициналық газ берудің орталықтандырылған жүйесі орнатылған. Қазіргі уақытта аймағымызда 17 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың қазан айына дейін тағы 5 томограф орнатылады. Сондай-ақ, біз 40 заманауи сандық рентген аппаратын сатып алатын боламыз. Бұған қоса "Сарыарқа" ӘКК базасында дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қоры құрылды. Қазір онда қажетті дәрі-дәрмектердің бір жарым айлық қоры сақталуда. Біз оны әлі де толықтыратын боламыз, - деді ол.
Қасымбек ПЦР зертханаларының желісі көбейетінін айтты.
Қазір олардың қуаты тәулігіне 4500 талдаманы құрайды. Жалпы алғанда, бұл кезеңде біз аймақтық медицинаның мүмкіндіктерін едәуір арттырдық. Дәрігерлер, медбикелер және медициналық қызметкерлер коронавирустық инфекцияны емдеу мен оны алдын алу бойынша бірегей тәжірибеге ие болды. Олардың жанқиярлық еңбегі, күш-жігерлері мен табандылықтары біздің жүздеген мың азаматтарымыздың денсаулығын сақтауға мүмкіндік берді. Бұл ретте осынау күрделі кезеңде тәртіп пен жауапкершілік танытқан барлық азаматқа алғысымызды білдіреміз. Біз үшін қазіргі уақытта тиісті талаптарды сақтап, карантиндік шектеу шараларының қайтадан енгізілуін болдырмай, қалыпты жұмыс тәртібіне неғұрлым жылдам оралу аса маңызды. Бұл үшін Сіздерден санитарлық дәрігерлердің барлық талабын орындауларыңызды сұраймын, - деп түйіндеді ол.