COVID-19: Шығыс Қазақстанда 400-ге жуық оқушы індетке шалдыққан

22 Қыркүйек 2021, 17:46
13145
Бөлісу:
COVID-19: Шығыс Қазақстанда 400-ге жуық оқушы індетке шалдыққан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов хабарлады. 

Оның айтуынша, облыста жаңа оқу жылы басталғалы балалар арасында вирус жұқтырудың бірнеше деректері тіркелген.

Биыл қыркүйектің 1-і мен 22 аралығында облыс бойынша 22 балабақша тәрбиеленушісі және 373 мектеп оқушысының коронавирустық инфекциямен науқастану жағдайы тіркелді. Оның ішінде 148 жағдай оқу процесінің басталуымен байланысты емес. 1-22 қыркүйек аралығында аймақта 23 мұғалім коронавируспен ауырды. Мұғалімдер, оқушылар, студенттер мен қызметкерлер арасында аурудың күнделікті мониторингі жүргізіледі, - деп атап өтті өңір басшысының орынбасары.

Айта кететін жайт, Шығыс Қазақстанда 3709 төсек-орынды қамтитын 39 инфекциялық стационар жұмыс істеп тұр.

Оның 364-і реанимациялық және 490-ы карантиндік төсек-орын. Инфекциялық стационарларда 736 пациент емделуде. Олардың ішінде 10 науқас өте ауыр жағдайда, 72 ауыр жағдайда, 654 орташа ауыр жағдайда. ӨЖЖ аппараттарына 8 пациент, ИӨЖЖ (инвазивті емес өкпені жасанды желдету) аппараттарына 74 адам қосылған. Қазіргі уақытта карантиндік стационарларда 15 адам бар. Облыс бойынша COVID-19 науқастарына арналған төсек қорының пайдаланылуы 17,8%-ды құрайды, - деді Шәкәрім Бұқтұғұтов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында пневмониядан 200-ге жуық адам қайтыс болғаны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы