COVID-19 пандемиясы Қытайда 2019 жылы жазда басталғаны рас па?

14 Қазан 2021, 10:35
5014
Бөлісу:
COVID-19 пандемиясы Қытайда 2019 жылы жазда басталғаны рас па?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік желілерде әлемде COVID-19 жұқтырған алғашқы науқас туралы індет өршіп тұрған кезде белгілі болғаны жайлы хабарлама таратылуда. 

Stopfake.kz сайтының мәліметінше, аустралиялық-америкалық киберқауіпсіздік жөніндегі компания жинаған мәліметтер негізінде осындай қорытынды жасалған. Ақпаратқа сәйкес, 2019 жылы жазда Қытай провинциясында ПТР сынақтарын өткізуге арналған жабдықтарға жұмсалған шығындар күрт өскен.

COVID-19 пандемиясы Қытайда 2019 жылы жазда басталғаны рас па?

Сарапшылардың пікірінше, пандемия ертерек басталды деп мәлімдеу үшін бұл мәліметтер жеткіліксіз. 

Киберқауіпсіздік жөніндегі компанияның зерттеуіне сәйкес, Хубей провинциясында 2019 жылы жазда ПТР тестілеу жабдықтарын сатып алудың күрт өскені байқалды. Вирус жұқтырудың алғашқы жағдайлары тіркелген Ухань қаласы осы провинцияда орналасқан. «Internet 2.0» компаниясының зерттеуі негізінде «пандемия Қытай ДДСҰ COVID-19 туралы хабарлағаннан әлдеқайда ертерек басталды» деген қорытынды жасалған. 

Медициналық сарапшылар БАҚ-та осы мәселе бойынша пікірлерін білдірді. Олардың айтуынша, Internet 2.0 есебінде мұндай қорытынды жасау үшін ақпарат жеткіліксіз, өйткені ПТР зерттеу әдісі ондаған жыл бойы қолданылып келеді және жыл сайын кеңінен пайдаланылуда. Жабдық көптеген заманауи аурухана мен зертханада адамдарда ғана емес, жануарларда да көптеген басқа қоздырғышты сынау үшін қолданылады. 

Сонымен қатар 2019 жылы Қытайда африкалық шошқа обасы өршіген.

Джонс Хопкинс Денсаулық сақтау орталығының аға ғылыми қызметкері доктор Амеш Адаля ПТР тестілеу «патогендерді анықтау әдісіне» айналғандықтан ПТР жабдықтарын сатып алу COVID-ке дейін де артқанын айтты. 

Қытай Сыртқы істер министрлігі «Internet 2.0» компаниясының қорытындыларымен келіспейді. 

Вирустарды бақылау – ғалымдар айналысуы тиіс маңызды ғылыми мәселе. …Қытайлық індетке қарсы науқан барша әлемге белгілі, бәрі айқын, фактілер уақыт пен тарихтың сынақтарына төтеп беруде, – деп түсіндірді ҚХР СІМ баспасөз хатшысы Bloomberg-ке. 
Демек, COVID-19 пандемиясы 2019 жылы жазда басталды деген тұжырым дәлелсіз.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде таратылған хабарламада 2018 жылы Ухань институтының вирусологтары басқа коронавирустардың бөлшектерінен тұратын вирусты қолдан жасап, одан кейін оған қарсы вакцина әзірлемек болған деп айтылған. Бұл - жалған мәлімдеме. 

SARS-CoV-2 табиғи вирус екені зерттеулермен расталған, бүгінгі күні оның зертханада жасалғанына нақты дәлелдер жоқ. Ол алғаш рет 2019 жылы желтоқсанда пневмониямен ауырған науқаста нуклеин қышқылын талдау нәтижесінде анықталды.

Өзгелердің жаңалығы