Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясына шалдыққандары оңалтудың хаттамасын дайындап жатыр.
Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Facеbook-тегі ресми парақшасында өткен онлайн брифинг барысында қалалық №5 емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина айтты.
Қазірдің өзінде емханалар коронавирусқа шалдыққан тұрғындарға оңалту шараларын көрсетуге қауқарлы. Алайда бұл да алдын ала жазылу бойынша іске асатынын атап өткім келеді. Оңалту шарасын реабилитолог дәрігер тағайындайды. Ол жалпыға ортақ емес. Әр жағдай жеке қаралады. Науқастан айыққан адамның тыныс алу жеткіліктігі, ағзасының жалпы жағдайы есепке алынуы тиіс. Медициналық көмектің ақысы медициналық сақтандыру қоры арқылы төленеді деп күтілуде. Сондай-ақ, оңалту шараларына қажетті кей жабдықтар да сатып алынбақ, - деп атап өтті Алтыншаш Табулдина.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми парақшасында өткен онлайн брифингте Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов Нұр-Сұлтан қаласында коронавирусқа шалдыққандарды оңалту шаралары іске астатынын айтқан болатын.