Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері базасындағы инфекциялық стационарда COVID-19-ға шалдыққандарды таза ауамен емдеу тәжірибеге енгізіле бастады.
Стационарда ұзақ уақыттан бері ем алып жатқан 26 пациент алғаш рет таза ауаға серуендеуге шықты. Бағарламаға жаяу жүру, тыныс алу жаттығуларын жасау енгізілген. Бұдан бөлек науқастардың денсаулықтарын нығайту үшін медқызметкерлер дәмді ас та дайындаған. Осылайша, пациенттер таза ауада отырып ас ішеді.
Ас мәзіріне ұлттық тағамдар – жылқы еті, бауырсақ, қымыз, сорпа енгізілді. Таза ауада табиғи тағамдармен емделушілердің денсаулықтарын нығайтумен қатар оларға психологиялық жағынан да қолдау көрсетуді мақсат тұттық. Табиғат аясында тыныстап, жаяу жүру науқастардың дерттерінен тезірек құлан-таза айығып кетулеріне көмектеседі. Ал аурухана қабырғасында мұндай мүмкіндік болмағандықтан, санитарлық талаптарды сақтай отырып, арнайы орында серуендеу ұйымдастырдық. Осы тәжірибені алдағы уақытта да қолданатын боламыз, - деп түсіндірді облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Қасымжан Тәшметов.
Қазіргі уақытта стационарда 40 пациент емделуде. Науқастардың бір де біреуі ИВЛ аппаратына қосылмаған. Осы уақыт аралығында стационардан 430 адам коронавирус инфекциясынан емделіп шыққан.