COVID-19: Қарағандыда вирустың екінші толқынына дайындық жалғасуда

18 Қазан 2020, 05:46
1398
Бөлісу:
COVID-19: Қарағандыда вирустың екінші толқынына дайындық жалғасуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқынына белсенді дайындық жүргізілуде. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев Saryarqa телеарнасында өткен брифингте мәлім етті.

Пандемия басталғаннан бері облыста барлығы 10376 жұқтыру оқиғасы тіркелді. 279 адам қайтыс болды, олардың басым бөлігі 60 жастан асқан және созылмалы аурулары бар адамдар. 9924 науқас сауығып кетті (95,6%).

Стационарларда бронхо-өкпе жүйесінің зақымдану дәрежесі әртүрлі 160 науқасты емдеу жалғасуда.

Сонымен бірге біз коронавирустық инфекцияның жаңа толқынына белсенді дайындықты жалғастырамыз. Жезқазғанда 200 төсектік жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы науқастарды қабылдауға дайындалуда. Ол модульдік тәсілмен салынған және заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қараша айына қарай төрт қалада – Абай, Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалаларында жұқпалы аурулар ауруханаларын қайта құру және жөндеу аяқталады, - деп хабарлады Ержан Нұрлыбаев.

Ауруханаларды заманауи медициналық техникамен жабдықтау жалғасуда. 223 ӨЖЖ аппараты, 2400 оттегі концентраторы, 2600 пульсоксиметр, 40 цифрлық рентген аппараты сатып алынды.

Медициналық газдарды берудің орталықтандырылған жүйелері орнатылады. Мобильді бригадалар қосымша көліктермен жабдықталған. Компьютерлік томографтар паркі күшейтілуде. ПТР-зертханалар желісі кеңеюде – олардың қуаты тәулігіне 10 000 тестке дейін өседі.

Біздің ең осал азаматтарымыз – қарттар тобы үшін – біз вирустық инфекцияның маусымдық көтерілуі кезеңінде емханаға барудың қажеті болмайтындай жағдай жасауға тырысамыз. Егде жастағы адамдарға медициналық қызметтердің көпшілігі үйде көрсетілетін болады. Диспансерлік есепте тұрған барлық пациенттер 3 айға – қаңтарға дейін қоса алғанда қажетті дәрі-дәрмек қорын алады, - деді Ержан Нұрлыбаев.

Облыста виртуалды консультативтік-диагностикалық орталық жұмысын жандандырады.

Тұмау мен пневмококк инфекциясына қарсы вакцинация науқаны аяқталуда. Ведомство басшысының мәліметінше, 200 мыңға жуық адам тегін екпе алады.

Алдын алу шараларын сақтаңыздар. Бетперде киіңіздер, көп қонақтарды шақыра отырып, мерекелер ұйымдастырмаңыздар. Өзіңізді вирустық инфекцияға ұшыраматпауға тырысыңыздар. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар, - деп денсаулық сақтау басқармасының басшысы тұрғындарға үндеу тастады.

 



Өзгелердің жаңалығы