Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сovid-19 инфекциясын жұқтыру және өлім-жітім санының артуы салдарынан апта соңында Еуропа елдерінде жаңа карантиндік шаралар енгізілді, деп жазады ru.euronews.com.
Грецияда қатаң карантиндік шектеулер енгізілді, азаматтарға ұялы телефон арқылы ресми сұрау салу арқылы рұқсат алғаннан кейін ғана үйден шығуға рұқсат етіледі. Елде тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмыс істейді. Қорғаныс маскасыз жүргендерге салынатын айыппұл мөлшері 150-ден 300 еуроға дейін өсті.
Францияда сағат 22.00 мен 06.00 аралығында қатаң коменданттық сағат қолданылатын жаңа локдаунның алғашқы аптасы аяқталды. Елдің оңтүстігіндегі Сент-Этьендегі ауруханалардың бірі жедел жәрдем бөлімшесінің сыйымдылығын төрт есе арттырды және басқа аймақтарға жіберілетін науқастардың санын көбейтті. Францияның Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 таралуының шыңы қараша айының ортасына келетіндігін алға тартуда.
Польшада барлық мәдени және ойын-сауық орындары жабық, қонақ үйлер тек іс-сапармен келгендерді қабылдайды. Ел билігі бұл шаралардың бір апта ішінде нәтиже бермесе, мемлекетте толық карантин енгізіледі деп мәлімдеді. Варшавадағы Ұлттық стадионда уақытша аурухана ашылған — ол мыңға дейін ауырған адамды қабылдауға мүмкіншілік береді деп күтілуде.
Дания мемлекетінің аң фермаларында мутацияланған COVID-19 өршуіне байланысты Ұлыбритания бұл мемлекеттен келушілердің елге кіруіне тыйым салды. Шекарадан өтуге тек Ұлыбритания азаматтарына және жүк көліктерінің жүргізушілеріне рұқсат етілді.