Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дәрігерлер коронавирусқа қарсы вакцина індетке қарсы жалғыз дауа деп жатыр. Осы ретте вакцинаның ұжымдық иммунитеттің қалыптасуында маңыздылығын ескере отырып, салдырып жатқандар көп.
Солардың бірі - 31-арнаның ақпараттық бағдарламалар директоры Болат Мүрсәлім. Ол вакцина салдырғаны жайында Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Спутник V» салдырдым. Коронавирус өршіп кеткенде, вакцина шықса салдырам деп ойлап жүруші едім, вакцина салдырудың реті бұнша тез болады деп күтпеппін. Терапевтім «салдырасыз ба?» деді, сөзге келместен тәуекел дедім. Белгілі дәрежеде реакция болатынын да білем, дәл маған келгенде сол реакция жеңіл болады деп үміттенем. Енді антидене қалыптасқанша, сақ болу керек, - деді ол.
Сонымен қатар Qazaqstan Ұлттық телеарнасы журналисі Айдос Жұқанұлы да вакцина салдырғанын айтты.
Алматы жұртының тәртіпке бағынуы қиын. Ығы-жығы халық. Сабылған көлік. Тіршілік үшін күрес. Кіріп шыққан қонақтарды, тіркеусіз елді қосқанда бұқара саны 3 млн-ға жуықтайды. Нұр-Сұлтандағыдай қашықтық сақтап, сол жағада жұмыс істеген түр көрсетіп отыра алмайсың. Оның үстіне науқастар күннен күнге көбейіп барады. Сондықтан сақтанбаса болмайды. Өз өмірім өзіме керек. Қазақ вакцинасын күтіп жүргенде тырапай асармын деп бүгін орыстікін ектірттім.., - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.