COVID-19: Бір тәулікте Францияда 348 адам қаза тапса, Италияда 1402 адамнан вирус анықталған

13 Мамыр 2020, 10:44
1512
Бөлісу:
COVID-19: Бір тәулікте Францияда 348 адам қаза тапса, Италияда 1402 адамнан вирус анықталған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлем елдерінде коронавирус инфекциясы бойынша статистика мәз емес.

Демалыс күндері вирус сәл бәсеңсігенімен, соңғы тәулікте Францияда 348 адам қаза тапқан. Елде вирустан қайтыс болғандар саны 26 991 адамға жетті. Өткен сенбі-жексенбідегі көз жұмғандар санымен салыстырғанда, бұл тәулікте вирустың құрбаны болғандар 3-4 есе көп. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау басқармасында айтылды, деп хабарлайды ru.euronews.com

Мекемеде атап өткендей, оның ішінде 17 мыңға жуық өлім-жітім госпитальдарда, қалғандары қарттар үйлерінде және басқа да медициналық-әлеуметтік мекемелерде тіркелген. Басқарма мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта госпитальдарда коронавирус инфекциясы бар 21 595 науқас ем қабылдап жатыр.

Италияда коронавирус жұқтырудың жаңа фактілері сейсенбі күні 1 402 болған, бұл өткен күнмен салыстырғанда едәуір көп (бір күн бұрын 744 жағдай тіркелді). Азаматтық қорғау департаментінің мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта елде вирус жұқтырғандардың жалпы саны 221 216 құрайды. Соңғы тәулікте коронавирустық инфекция жұқтыру салдарынан 172 адам қайтыс болды. Бұл елдегі өлім-жітімнің жалпы саны 30 911-ге жеткен.

Ал, Ресей әлем бойынша COVID-19 індетін жұқтырған елдер арасында екінші орынға шықты. Сейсенбінің кешінде белгілі болған ақпарат бойынша, бұл елде 232 мың адам вирус жұқтырған. Осымен оныншы күн қатарынан күн сайын он мыңнан аса жаңа вирус жұқтыру фактілері тіркеліп жатыр.

Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында 101 жаңа коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелді. Билік бұл жұқтырулардың барлығын Сеулдің Итхэвон ауданындағы барлармен байланыстырып отыр. Олар мұнда 1,5 адамның инфекция жұқтырып алу қаупін болжап, өткен аптада сол ауданда болған адамдардың ұялы телефондарындағы жеке мәліметтері арқылы вирус жұқтырғандарды анықтап жатыр.

Алғаш рет коронавирус инфекциясы тіркелген Қытайдың Ухань қаласы өзінің 11 миллион халқын жаппай тестілеуден өткізуді жоспарлап отыр. Демалыс күндері мұнда сәуір айының басынан бері алғаш рет 6 жаңа жұқтыру оқиғасы расталды. Ал, сейсенбі күні Қытайда тек бір жаңа жағдай тіркелген.

Бейжің билігі мектептердегі орта және жоғары сыныптың оқуын қайта жалғастыруға шешім қабылдаған. Шанхай қаласында жергілікті Диснейлэнд қайта ашылмақ.

Испания шетелден келгендердің барлығын карантинге отырғызады. Олар елге келгеннен кейінгі екі аптаны оқшау өткізуге тура келеді. Үйден немесе қонақ үйден тек азық-түлік немесе дәрі сатып алу, сондай-ақ дәрігерден кеңес алуға шықса ғана рұқсат етіледі. Бұл - ел билігі коронавирус инфекциясын жұқтырудың екінші толқынына жол бермеу мақсатында қабылдаған шараларының бірі.

Шекараларда уақытша бақылау орнатылған. Ұлттық аумаққа кіру мамыр айының 15-і мен 24-і аралығында шектелді. Тек Испания азаматтары, осы елде тұруға рұқсаты бар адамдар, шекара маңындағы және медициналық қызметкерлер, қарт адамдарды күту мамандары үшін ғана жеңілдік жасалған. Бірақ, олардың барлығы Испанияда жұмыс істейтінін дәлелдеуі керек. Сондай-ақ, форс-мажор жағдайында елге келуге мәжбүр болғандарға да шектеу қойылмайды. Осы жарлыққа қосымша денсаулық сақтау министрлігі шетелден келген барлық адамдар үшін екі апталық карантин енгізуді дұрыс деп шешті, - деді елдің Денсаулық сақтау министрі Сальвадор Илья.

Жаңа шаралар туралы үкімет халықтың жартысы карантинді жұмсартудың төрт фазасының бірінші кезеңіне көшкеннен кейін келесі күні жариялады. Бірқатар өңірлерде шағын дүкендер, мұражайлар, қонақ үйлер ашылды. Мадрид және Барселонада оқшаулану режимі әлі де жалғасуда.
Соңғы тәулікте Испанияда 176 коронавирус жұқтырған адам көз жұмды. Бұл елде барлығы 27 мың адам індеттің құрбаны болған.

Өзгелердің жаңалығы