Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР мемлекеттік бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook-тегі парақшасында өткен тікелей эфир барысында Айжан Есмағамбетова коронавирус сияқты індеттерге төтеп беру үшін арнайы мамандарды оқыту жоспарланып отырғанын айтты.
Жоғары оқу орындарында биылдан бастап, эпидемиология мамандығы бойынша профильді магистратура енгізу және осы мамандық бойынша қабылдауды кеңейту шаралары жоспарлануда, - деді ол.
Бас санитар эфир барысында халықты мазалап жүрген "далада серуендеуге рұқсат бар ма?" деген сауалға қатысты жауап берді.
Таза ауада серуендеу, спортпен айналысуға біртіндеп рұқсат беріп жатырмыз. Алайда, бұл шаралардың барлығы мүмкіндігінше сырт адамды тартпай, жеке дара жасалғаны дұрыс. Маска тағуға қатысты сұрақ көп. Біз халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, шешім шығарамыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы берген мәлімет бойынша, далада масканы адам тыныс алу жолдарын қолымен ұстамас үшін тағуы керек. Себебі, бұл - вирус жұқтырудың бірден бір жолы. Біз далада маска тағу керек дегенде осыны басшылыққа аламыз, - деді Айжан Есмағамбетова.
Айта кетейік, бас санитар бұған дейін карантин шаралары нәтиже беріп жатқанын айтқан болатын.