COP 26. Орталық Азия климаттың өзгеруімен бірлесе күреседі

25 Қазан 2021, 22:47
47753
Бөлісу:
COP 26. Орталық Азия климаттың өзгеруімен бірлесе күреседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орталық Азия елдері COP 26-да бірыңғай мәлімдеме жасауды жоспарлап отыр. COP 26 - климаттың өзгеруі бойынша әлемдегі ең маңызды және жоғары деңгейлі іс-шара екенін естеріңізге саламыз. 

Биыл БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптары конференциясының 26-сессиясын Ұлыбритания мен Италия ұйымдастырып жатыр. Іс-шара 31 қазан мен 12 қараша аралығында британдық Глазгоның Шотландиялық конгресс-орталығында өтеді.

Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы күрес және өңірдің климаттық мақсаттарының өршілдігін арттыру бойынша  Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіруде маңызды рөл атқарады. Осы жұмыстардың шеңберінде Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы 2 қарашада COP26-дағы Орталық Азия елдерінің павильонында «Климатты сақтау үшін күрестегі өңірлік бірлік» тақырыбында өңір үшін маңызды іс-шара өткізеді. Павильонның өзін Орталық Азия Аймақтық экологиялық орталығы ұйымдастырады.

Өңірдің экологиялық проблемалары мен климаттық күн тәртібінің маңыздылығы 2021 жылғы қыркүйекте «С5+1» саяси диалогы форматында өткен Орталық Азия елдерінің табиғат қорғау ведомстволары басшыларының конференциясында жан-жақты талқыланды. Митигация және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелеріне арналған кездесуге АҚШ Президентінің климат жөніндегі арнайы өкілі Джон Керри қатысты.

Орталық Азия климат өзгерістерінің салдарларын соңғы бірнеше жылда қатты сезінуде, мұндағы экологиялық проблемалар осы өңірдегі барлық елдерге әсер етіп отыр. Осыған байланысты, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы Қазақстан атынан Орталық Азия елдеріне COP26-да климат өзгерістерімен күрес жүргізу үшін күш-жігерді біріктіруді ұсынуға ниеттеніп отыр. Орталық әлемдік қоғамдастық пен халықаралық ұйымдардың Орталық Азия өңірінің тұрақтылығын дамытуға көрсететін көмегінің маңызды екенін атап өтті.

Ұлыбританияның мәліметтеріне сәйкес, биыл 120-дан астам елдің көшбасшылары COP26 саммитіне қатысатынын растаған. Жалпы, Глазгода әлемдік көшбасшылар, сарапшылар мен журналистерді қосқанда 25 000-ға жуық адам бас қоспақ.

Өзгелердің жаңалығы