Өңделген өнімнің экспортына қолғабыс ету мақсатында қазақстандық тауар өндірушілер үшін 19-21 наурыз аралығында Чэнду қаласында (ҚХР) сауда-экономикалық миссия ұйымдастырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, іскерлік сапар аясында экспорттаушыларға қытайлық бизнес-серіктестермен ынтымақтастық орнатуға, импорттаушылармен, трейдерлермен және дистрибьюторлармен келіссөздер жүргізуге, өнімді жеткізу туралы уағдаласуға мүмкіндік беріледі.
Көршілес Қытай экспортқа бағытталған отандық кәсіпорындар үшін маңызды нарықтардың бірі болып белгіленді. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда және бизнес-қатынастар қарқынды дамып келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 30,1% - ға өсіп, 31,5 млрд долларға жетті. Қазақстандық өнімнің ҚХР-ға экспорты 12,6%-ға артып, 14,7 млрд долларды құрады.
Қытайлық сатып алушылар біздің отандық ауылшаруашылық тауарлары мен азық-түлік өнімдерін жақсы тұтынуда. 2023 жылы Қазақстан күнбағыс майын, астық пен ұнды, зығыр тұқымын, дәнді және бұршақ дақылдарын қайта өңдеу қалдықтарын, мақта талшығын жеткізуді едәуір арттырды.
Отандық мал шаруашылығы саласының өнімдері экспорттық әлеуетке ие. Өткен аптада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлағандай, Қытай Қазақстаннан оңтүстік-шығыс өңірлерінен ет және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге шектеулерді алып тастады. Бүгінде қазақстандық өндірушілер салқындатылған ет және балық өнімдерін, құс еті мен қосалқы өнімдерді, шошқа, жұмыртқаны және басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын ҚХР-ның нарығына экспорттауға мүдделі. Айта кету керек, ет өнімдері Қытайда импортталатын негізгі өнімдердің тізімін қамтиды. ФАО (БҰҰ азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы) ақпаратына сай, алдағы 7 жылда Қытай сиыр етін тұтынуды 1,1 миллион тоннаға арттырмақ, ал импорт 0,8 миллион тоннаға артады.
Былтыр қазақстандық кәсіпкерлер үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен Сиань, Ухань, Үрімші және Шанхай қалаларына сауда миссияларын ұйымдастырды. Нәтижесінде Қытайға май өнімдерін, ұнды, түйе сүтінің ұнтағын, кондитерлік өнімдерді, құрама жемді және басқа да тауарларды жеткізу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Биыл Чэндуге бизнес-сапар барысында Қазақстанның кәсіпкерлері үшін ҚХР өндірістік кәсіпорындарына екіжақты B2B келіссөздері мен көшпелі кездесулерін өткізуді жоспарлап отыр.