Зейнетақы қорының кірісі төмендеді. Нені білуіміз қажет?

Бүгiн, 17:24
1114
Бөлісу:
Зейнетақы қорының кірісі төмендеді. Нені білуіміз қажет?
PHOTO
Фото: BAQ.KZ

Қаңтарда Зейнетақы қорының инвестициялық кірісі төмендеп кетті. Экономист Бауыржан Ысқақов зейнетақы қорындағы инвестициялық кірістің көбеюіне де, азаюына да әсерін тигізетін бірнеше факторлар бар екенін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Зейнетақы активтері қалай басқарылады?

2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі – 22 119,93 млрд теңге

Зейнетақы активтерінің инвестициясы мынадай:

Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 41,29%;

Квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 9,19%;

Банктерінің облигациялары – 3,93%;

ҚР Ұлттық банкінің депозиттері – 3,14%;

ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 1,77%;

Микроқаржы ұйымдары – 1,32%.

Зейнетақы қорының кірісі төмендеді. Нені білуіміз қажет?

БЖЗҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, "Jusan Invest" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен – 10,36 млрд теңге. Ал "Halyk Global Markets" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен 4,67 млрд теңге болды. Бұдан бөлек, "BCC Invest" АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері шамамен – 5,37 млрд теңге. "Сентрас Секьюритиз" АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері шамамен – 1,77 млрд теңге. 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша "Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ "Halyk Finance" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 41,16 млрд теңгеден асқан.

Экономист Бауыржан Ысқақов зейнетақы қорындағы инвестициялық кірістің көбеюіне де, азаюына да әсерін тигізетін бірнеше факторлар бар екенін айтады.

Зейнетақы қорының кірісі төмендеді. Нені білуіміз қажет?
Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Бірінші себеп – сыртқы экономикалық құбылулар. Әлемдегі валюта бағамының өзгеруі, девальвациялық толқындар және инвестициялық кірістердің төмендеуі – қордағы қаражатқа әсерін тигізеді. Екіншіден – инвестициялық портфельдің құрылымы. Яғни Біріңғай жинақтаушы қорының инвестициялық портфелі әртүрлі қаржыдан тұратыны белгілі. Инвестициялық портфелдің құрамында тәуелдер жоғары, табысы төмен активтер басым болса, бұл жалпы кірістің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Мәселен, зейнетақы қорының қандай активтері барын қадағалауымыз керек. Салыстырмалы түрде талдаулары жасалынуға тиіс, - дейді қаржы сарапшы.

Зейнетақы қорының қаражатының төмендеуіне әкімшілік шығындардың да әсері бар. Одан әрі – валюта бағамының тұрақсыздығы.

Егер қаржы теңгелік қорларда тұрса және оның құны төмендейтін болса, ол да кірісті төмендетеді. Жалпы азаматтардың өзінің жиналған қаржысын бақылап отырғаны жөн. Соңғы жылдары зейнетақы қорының қаржысы шешіліп жатыр. Яғни шекті нормадан асатын қаржы болса, оларды халық үй алуға, білімге және денсаулығы үшін шешіп алып жатыр. Қаражат көп алынғандықтан, ол да инвестициялық кіріске әсер етеді, - деді Ысқақов.

Мәжіліс депутаты Еркін Әбілдің пікірінше, зейнетақы қорындағы ендігі жағдай инвестициялық саясатқа байланысты өзгереді.

Зейнетақы қорының кірісі төмендеді. Нені білуіміз қажет?
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Зейнетақы қоры үкіметтің құнды қағазын сатып алады, кейін оған инвестициялық табыс түседі. Оның екі жолы бар, мәселен шетелдік құнды қағазды алса, ол тұрақты болады, бірақ пайызы төмен болады. Өзіміздің активтердің пайызы жоғары әрі тұрақты болып келеді. Ал оның құнының түсуі – доллар бағамына байланысты. Теңгедегі активтер доллармен есептегенде төмендеп кетті. Әрине, теңгеге шаққанда азайған жоқ, доллардың әсері баршылық. Әрі қарай жағдай теңгенің тұрақтылығына байланысты, - деді депутат.

Экономист Андрей Чеботарёв БАҚ пен Ұлттық банк арасында түсінбестік болғанын айтады. Оның сөзінше, салымшылар ешқандай пайда жоғалтқан жоқ.

Зейнетақы қорының кірісі төмендеді. Нені білуіміз қажет?
Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Бүкіліңізге мәлім, БЖЗҚ-дағы қаражаттың 40%-ы шетел валютасындағы құралдарға, яғни шетелдік облигациялар мен акцияларға инвестицияланған. Бұл активтер АҚШ долларымен тұр. Қаңтар айында не болды? Қаңтарда теңге нығая түсті. Шетелдік активтер теңгемен есептегенде құнсызданады, өйткені валюта бағамы төмендейді. Мәселен, желтоқсан айында сіздің 100 доллар жинағыңыз болса, оның құны 53 000 теңге болды. Ал қаңтарда сол 100 доллар 50 000 теңгеге бағалана бастады. Сонда сіз 3 000 теңге жоғалттыңыз ба? Жоқ! Бірақ бұл тек қағаз жүзіндегі шығын. Сіз бұл ақшаны шын мәнінде жоғалтқан жоқсыз және олардан айырылған жоқсыз, - деп түсіндірді Чеботарёв.

БЖЗҚ 9 айда алғаш рет инвестициялық шығынға батты

Қаңтар айында БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқарудан түскен инвестициялық шығын – 284,9 млрд теңге. Мұндай көрсеткіш 2024 жылдың сәуірінен бері тіркелмеген еді.

Зейнетақы қорының кірісі төмендеді. Нені білуіміз қажет?
Фото: DataHUB_KZ арнасынан алынды

Шығын негізінен бағалы қағаздарды қайта бағалау (252,1 млрд теңге) және сыртқы басқару (120,2 млрд теңге) есебінен қалыптасты. Бұл нәтиже АҚШ президенті Дональд Трамптың "тарифтерді енгіземін" деп қорқытуы, сондай-ақ АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі аясында байқалған нарықтағы құбылмалылықпен байланысты. Екінші жағынан, шығынға 52,9 млрд теңгені қамтамасыз еткен теңгенің нығаюы әкелді. Бағалы қағаздар бойынша сыйақы 139,9 млрд теңге көлемінде табыс әкелді. Бірақ жалпы көрініске бұл көп әсер еткен жоқ.

Пайыздық шамаларға келетін болсақ, Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы активтері шығыны 1,1% инфляция кезінде – 1,25%-ға сәйкес келеді. Қалған сенімгер басқарушылар айды біршама жақсырақ аяқтады (-0,74%-дан +0,58%-ға дейін). Алайда олар әлдеқайда аз соманы басқарды – 22,3 трлн теңгемен салыстырғанда 63,8 млрд теңге.

Зейнетақы жинағы жастар үшін ақша жинайтын орын емес

БЖЗҚ 2024 жылға арналған зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану үшін жеткілікті шек мөлшерін жариялап, өзгеріссіз қалғанын хабарлаған еді. 2024 жылға арналған жеткілікті шек 20 жасқа – 3 260 000 теңге, ал 59 жасқа – 9 670 000 теңге, 62 жасқа – 9 890 000 теңге екендігін жариялаған еді.

Ең төменгі жеткілікті шектің өлшемдерін бұрынғы деңгейде ұстау ішінара кірістің болжамды жылдық пайыздық мөлшерлемесінің жоғарылауымен байланысты. Осылайша, бекітілген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен болжамды есептеулерді ескере отырып, 2024 жылға арналған жеткілікті шек мөлшері осы деңгейде сақталады, - деді БЖЗҚ баспасөз қызметі.

Қоғам арасында зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегіне байланысты "20 жастағылар 3 260 000 теңгені қашан жинап үлгереді?" деген дау туған еді. Осы ретте экономист-сарапшы Айбар Олжай зейнетақы жинағы жастардың ақша жинайтын орны емес екендігін, негізгі идеясынан көпшілігі ауытқып кеткенін атап өтті.

Зейнетақы қорының кірісі төмендеді. Нені білуіміз қажет?
Фото: instagram.com/aibarpr

Жеткілікті шекке байланысты айтар болсақ, жинақтаушы қордың кейде не үшін құрылғанын ұмытып кете береміз. Ол белгілі бір ақшаны алып, біткенге дейін пайдалану емес. Негізгі идеясы – адам зейнетке шыққанда оның зейнетақысының мол болуын, жеткілікті, жақсы деңгейде өмір сүруін қамтамасыз ету. Негізгі осы функциясынан айырылмағаны жөн. Одан айырылмас үшін жеткілікті шегі енгізіліп отыр. Менің ойымша, зейнетақының жеткілікті шегі барынша жоғары болғаны дұрыс. Ол адамның зейнеттік жастағы ақшасын жинап, сол кезеңде пайдалануы үшін жинақталады, - деді экономист Айбар Олжай.

Өзгелердің жаңалығы