Алматы, BAQ.KZ. 2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9,64 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 262,3 млрд теңгеге өсті. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Қордың мәліметінше, міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша жинақтар сомасы 9,43 трлн теңгені құраған. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша жинақтар сомасы 209,5 млрд теңгені және ерікті зейнетақы жарналары бойынша (ЕЗЖ) жинақтар сомасы 1,9 млрд теңге болған.Сонымен қатар, шарттардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 10,4 млн бірліктен асқан.
«2019 жылдың алғашқы үш айы ішінде зейнетақы төлемдері 54,4 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жасына байланысты төлемдер 31,6 млрд теңгені, ал сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 7,4 млрд теңге болды. Жыл басынан бері Қор салымшыларының шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 96,9 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың сәйкес кезеңінде алынған таза инвестициялық табыстан 30 млрд теңгеге артық»,- делінген хабарламада.
Зейнетақы жинақтарының табыстылығы соңғы 12 ай ішінде (2018 жылдың сәуірі – 2019 жылдың наурызы) 11,5 пайызды құраған. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 4,8 пайызды көрсеткен. Осылайша зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы инфляциядан 6,7 пайызға жоғары болып отыр.
«Қор клиенттерге қызмет көрсету жұмыстарын үнемі жетілдіріп келеді. Жыл басынан бері салымшылар мен алушыларға 6,2 миллионнан астам қызмет көрсетілді. Бұл ретте қызмет көрсетудің электрондық тәсілі басымдыққа ие – электрондық форматта (зейнетақы шотынан берілетін үзінді көшірмені есепке алғанда) 5,3 миллионнан астам (немесе 85,6%) операция жүзеге асырылды», - делінген хабарламада.
«БЖЗҚ» АҚ тұрғындар арасында белсенді түрде ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте кәсіпорындар мен ұйымдарда және сауда орындарында көшпелі таныстырылымдық шаралар өткізіледі. Жыл басынан бері 6,8 мыңнан астам таныстырылым өткізіліп, оларға 211 мыңнан астам адам қатысқан.