Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін облыс әкімі Қ.Ысқақовтың төрағалығымен облыстық маслихаттың кезекті 40 сессиясы өтті. Күн тәртібінде 23 мәселе қаралды.
Оның ішінде 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасын қалыптастыру, Арал, Шиелі, Жаңақорған аудандарында құрылысы жоспарланған жобаларға мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау және т.б мәселелері талқыланып, жыл көлемінде атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
Аймақ басшысы облыс бюджетінде нақты қай салаларға басымдық берілетіні туралы айтты. Сонымен қатар, негізгі күш халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсалатынын жеткізді.
2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасын қалыптастыру барысындағы басты міндет халықтың әл-ауқатын жақсарту, оның ішінде азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру болып табылады. Сонымен қатар, алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру процесінде көзделген қаражаттың 50% кем емесін азаматтардың өзекті әлеуметтік проблемаларын шешуге бағыттау туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы басшылыққа алынды. Әлеуметтік саланың шығыстары 2020 жылға жалпы шығындар көлемінің 50 пайыздан кем емес жоспарланды, - деді облыс әкімі Қ. Ысқақов.
2020-2022 жылдарға арналған жергілікті бюджеттің ерекшелігі - 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үкімет пен өңірлер арасындағы бюджетаралық қатынастар аясында шағын және орта бизнестен алынатын корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджеттерге беріледі. Енді жергілікті органдар кәсіпорындардың санын ұлғайтуға және өндірісті кеңейтуге мүдделі болуы тиіс. Яғни, жергілікті шағын және орта бизнесті дамытуға жақсы ынталандыру болады, бұл өңірді дамытуға және халықтың қажеттілігіне көбірек қаржы бөлуге мүмкіндік береді.
Өңірдің орта мерзімді кезеңге қойылған әлеуметтік - экономикалық даму міндеттерін ескере отырып, үш жылға арналған облыстық бюджет шығыстарының басымдықтары ретінде қорғаныс, қоғамдық қауіпсіздік, білім, денсаулық, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік салаларына берілетін болады, - деді аймақ басшысы.