Бюджет қаражатын депозитке салған экс-корпорация басшысы қамауға алынды

3 Наурыз 2020, 12:53
1736
Бөлісу:
Бюджет қаражатын депозитке салған экс-корпорация басшысы қамауға алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның бұрынғы төрағасы Нармұхан Сарыбаев қамауға алынды. Ол компания басшысы ретінде сыбайлас жемқорлық сызбасын жасады деген күдікке ілініп отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департементінің басшысы Сергей Перов құқық қорғау органдарының қызметкерлері квазимемлекеттік компаниялардың екінші деңгейлі банктердегі ұзақ мерзімді депозиттік шоттарына миллиардтаған бюджет қаражаттарының негізсіз орналастырылуын тексеріп жатқанын айтты.

Оның сөзіне қарағанда, бұл қаражат нақты мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлінген. Бірақ квазимемлекеттік сектор оларды мақсатты пайдаланудың орнына, депозиттік шоттарға орналастыру арқылы одан ең төменгі пассивті кіріс алып отырған. Бұл жағдай мемлекеттік тапсырмалардың уақытылы және сапалы орындалуына теріс әсер еткен.

Тергеу кезінде квазимемлекеттік сектордың кейбір лауазымды тұлғалары осы жағдайды заңсыз жеке мақсаттағы материалдық пайда табу үшін пайдаланғаны анықталды. 2017-2018 жылдары ауыл шаруашылығы министрлігінің "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаевтың басшылығымен банктің депозиттік салымына 5,3 млрд теңге сомасында ақшалай қаражат орналастырылған. Сарыбаев жүйелі түрде және бірнеше траншпен келісім агенті ретінде шығып, депозитті тартқаны үшін 53,5 млн теңге мөлшерінде банк сыйақысын алған жеке тұлғадан 11 млн теңге көлемінде пара алған, - дейді Сергей Перов.

Оның айтуынша, 2019 жылы Сарыбаев "Оңтүстік" өңірлік инвестициялық орталығы" АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалғаннан кейін, құрылтайшысы Түркістан облысының әкімдігі) осыған ұқсас сызбамен екінші деңгейлі банктің депозиттік шотына 1 млрд теңге орналастырған. Сол үшін 1,5 миллион теңге көлемінде пара алған.

Сарыбаев Нұр-Сұлтан қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды. Сот оған қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасын қабылдады. Бұл іске басқа тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексеріледі. Сондай-ақ, АӨК субъектілерін субсидиялау кезінде кері қайтарым алу фактілері тексерілді. Тергеу жалғасып жатыр, - деп толықтырды Перов.

Айта кетейік, "Аграрлық несие корпорация" АҚ "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, "Астана" президенттік кәсіби спорт клубының бұрынғы директоры Аманбек Күлшіков қамауға алынды

Өзгелердің жаңалығы