Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бюджет кірісін ұлғайту үшін қандай шаралар қабылданатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бюджет кірістерін ұлғайту мақсатында салықтық әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту, салық базасын ұлғайту және тиімсіз жеңілдіктерді қысқарту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Ұлттық қордың қаражатын стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдалану мақсатында жаңа Бюджет кодексінде нысаналы трансферттерді аса маңызды объектілер мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға ғана пайдалану көзделген, – деді Байбазаров.
Министр нарықтық емес жағдайлардағы жобаларға сараптама жүргізу тетігі әзірленгенін атап өтті.
Ол облигациялық қарыздарға қолданылатын болады. Ұлттық қорды басқару жөніндегі Кеңестің отырыстары тек бетпе бет өткізілетін болады. Жалпы мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қамтамасыз ету шаралар кешенімен, оның ішінде мемлекеттің міндеттемелерін, активтерін және барлық ақша ағындарын шоғырландыру есебінен жүзеге асырылатын болады. Мемлекет басшысы фискалдық саясат бойынша, оның ішінде Салық кодексінің жобасы аясында бірқатар міндеттер қойды, оларды шешу қажет, – дейді ол.