Мәжіліс депутаты Максим Рожин елімізге биыл Ватиканның үш азаматы келіп кеткенін айтып, ІІМ басшысына сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ішкі істер министрлігінің Депутат Рожин Көші-қон қызметі комитетінің деректерін ұсынды.
Биылдың бірінші тоқсанында Қазақстан Республикасының аумағына Ватиканның 3 азаматы келіп кеткен. Былтыр, яғни 2022 жылы 63 азамат, 2021 жылы Ватиканның 4 азаматы келген. Жалпы соңғы 10 жылда Ватикан азаматтары ҚР-да тұрақты тұруға, қалуға және ҚР азаматтығын алу мәселелері бойынша өтініш білдірмеген. Биыл ҚР-да болу қағидаларын бұзғаны үшін де әкімшілік жауапкершілікке тартылған жоқ. Осы қосымша келісім қаншалықты бізге қажет және оны ратификациялаудың қажеті қандай? - деп сұрады депутат министрден.
Өз кезегінде ІІМ басшысы Марат Ахметжанов қойылған сұраққа жауап берді.
Конфессияаралық келісім бізге қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді. Ватиканның өзінің ерекше статусы бар. Ол нақты құқықтық субъекті ретінде танылған теократив мемлекет саналады. Сондықтан бұл жерде Ватиканның азаматтары емес, олар діннің қызметкерлері ретінде қаралады. 63 адам Рим Папасы келген кезде визалық режиммен кірген. Ал жалпы Қазақстанда конвенсияның қызметін жасап жатқан азаматтар басқа елдің азаматтары. Сол себепті қазіргі келісімшарт қажет. Өйткені Рим Папасы келген кезде бізде миссионерлік қызметті атқарып жатқан конфессияның қызметкерлеріне жағдай жасау барысында жасалып отыр, - деді ІІМ басшысы.
Бүгін Мәжілісте ІІМ «1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге Қосымша келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырған болатын.