Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылы Қазақстанда IT қызметтерінің көлемі 646 млрд теңгені құрады. Бұл туралы energyprom.kz жазды.
IT қызметтерін негізгі алушылар Қазақстан Республикасының резиденттері болды, оның 575,3 млрд теңгесі заңды тұлғаларға, 32 млрд теңгесі жеке тұлғаларға көрсетілетін қызметтерге тиесілі. Бейрезиденттерге 38,7 млрд теңгеге ІТ қызметтер көрсетілді.
Қазақстандағы ІТ-қызмет көлемінің жартысына жуығы Алматыға тиесілі (307,5 млрд теңге).
Сондай-ақ сектордағы қызметтердің айтарлықтай көлемі Нұр-Сұлтан (243,7 млрд теңге), Қарағанды (22,9 млрд теңге) және Павлодар (21,4 млрд теңге) облыстарында көрсетілген.
Көрсетілген ІТ-қызметтердің түрлері бойынша ең көп көлем бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге (204,8 млрд теңге), одан кейін қосымшаларды орналастыруға және байланысты қызметке (128,3 млрд теңге) тиесілі.
Сондай-ақ мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен жүйелерді қалыптастыру және дамыту шеңберінде бағдарламалық қамтамасыз етуді жасау (58,6 млрд теңге), ақпараттық технологиялар саласындағы консультациялық және практикалық қызметтер (49,2 млрд теңге) бар.
Бейрезиденттерге ұсынылатын ІТ-қызметтердің ішінде негізгі көлем АҚШ (9,2 млрд теңге), Ресей (5,7 млрд теңге), Біріккен Араб Әмірліктері (4,8 млрд теңге), Сингапур (3,7 млрд теңге) сияқты елдердің азаматтары мен компанияларына тиесілі.
Көрші Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан сәйкесінше 513,6 млн, 408 млн және 323,1 млн теңгені құраған.