Астана Елорда күні қарсаңында өңірдегі ең қарқынды дамып келе жатқан туристік орталықтардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елордаға келген туристер саны 1,6 млн адамға жетті. Оның ішінде 380 мыңнан астамы – шетелдік туристер.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, оң динамика 2026 жылы да сақталып отыр. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Астанаға 352,2 мың турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға көп. Оның ішінде 67,9 мыңы – шетелдік қонақтар.
Елордаға көбіне Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ туристері келеді. Сонымен қатар Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдерден келетін саяхатшылардың қызығушылығы артып отыр.
Туризм саласына салынған инвестиция көлемі де жоғары қарқын көрсетіп келеді. 2025 жылы Астанада туристік салаға негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 438,3 млрд теңгеге жетіп, Қазақстан өңірлері арасында рекордтық көрсеткішке айналды. Ал биыл қаңтар-мамыр айларында бұл көрсеткіш 250 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.
Қазір елордада жалпы құны 265,7 млрд теңге болатын 33 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында халықаралық брендтердің жаңа қонақүйлерін салу, экотуризмді дамыту және заманауи туристік инфрақұрылым құру жобалары бар.
Туристер ағынының өсуіне оқиғалық туризм де әсер етіп отыр. 2026 жылдың алғашқы үш айында Астанада 300-ден астам іс-шара өткен. Оның 11-і халықаралық мәртебеге ие.
Алдағы уақытта елордада BaiQymyz этно-гастрофестивалі, Comic Con Astana, «Болашақ ойындары» халықаралық турнирі және Энрике Иглесиастың концерті өтеді. Бұл іс-шаралар Қазақстаннан және шетелден мыңдаған қонақты тартуы мүмкін.
Сонымен қатар Астана халықаралық туристік нарықтағы орнын күшейтіп келеді. 2026 жылы қала Германия, Қытай және Оңтүстік Кореядағы ірі туристік көрмелерде таныстырылды, Ресейде роуд-шоу өткізді және бірден үш халықаралық туристік ұйымға мүше болды.
Қалада туристік инфрақұрылым дамып, жаңа музейлер ашылып жатыр. Сондай-ақ цифрлық сервистер, қалалық навигация және қонақтардың жайлы демалуына арналған жағдайлар жетілдірілуде.