БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Түркістандағы медициналық мекемелерде болды

23 Қараша 2021, 15:03
931
Бөлісу:
БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Түркістандағы медициналық мекемелерде болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздегі ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен және БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори Түркістан қаласындағы бірқатар медициналық мекемеде болды.

Мекемелердің қызметімен және ЮНИСЕФ жобаларын қала мен өңірде енгізу нәтижелерімен танысты.

Сапар бағдарламасына Түркістан облысы әкімінің орынбасыры Рашид Аюповмен ресми кездесу, қалалық емханаға, балалар ауруханасына және балалар жасындағы ауруларды біріктіріп қарау жөніндегі ресурстық орталыққа (БЖАБЖ) бару кірді.

Біз Түркістан облысымен білім беру және денсаулық сақтау саласында көптен бері ынтымақтасып келеміз. 2019 жылы ЮНИСЕФ Түркістан облысына жүкті әйелдер мен ерте жастағы балаларға патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап прогрессивті моделін әзірлеу мен енгізуде қолдау көрсетті. Осы бағдарламаның арқасында бес жасқа дейінгі балалары бар аналар мен отбасыларға күтімді жақсарту үшін патронаждық медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлердің мүмкіндіктері кеңейтілді. Мен бүгін бағдарламаның сапалы жұмыс істеп, отбасыларға көмектесетініне жеке көз жеткізе алғаныма өте қуаныштымын - деді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен.

Артур ван Дизеннің айтуынша, ЮНИСЕФ бұл бағдарламаны одан әрі қолдауды жалғастыратын болады.

Білім беру саласында ЮНИСЕФ мемлекеттік және халықаралық әріптестермен бірлесіп, GIGA-ның ауыл мектептерін интернетке қосу жөніндегі жаһандық бастамасын іске асыруда. Дүйсенбіде ЮНИСЕФ делегациясы бастамаға қатысатын Түркістан облысының бес мектебінде болды. Айдың соңына дейін облыстағы 38 мектептен жиырма мыңға жуық оқушы интернетке қол жеткізеді.

COVID-19 індетінің нәтижесіндегі қазіргі жағдай бізге балалар мен олардың қауымдастықтары үшін инклюзивті байланыс, онлайн оқыту және басқа да бастамалардың және экономиканы ынталандырудың маңыздылығын көрсетті. GIGA бастамасы арқылы біз ешкімді қалдырмай ең осал балалар мен қауымдастықтарға қол жеткізуіміз керек. Сандық теңсіздікті жою жаһандық ынтымақтастықты, көшбасшылықты және қаржы мен технологиядағы инновацияны қажет етеді, - деп белгілеп өтті Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі.

Өзгелердің жаңалығы