Қазақстан 2027-2030 жылдарға Біріккен ұлттар ұйымына қарасты Статистикалық комиссиясының құрамына сайланды. Бұл елге халықаралық стандарттарды қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл шешім БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңес аясында қабылданды, оның жұмысына 54 мемлекет қатысты. Қазақстан комиссия құрамына Сингапур және Моңғолиямен бірге Азия-Тынық мұхиты өңірлік тобы ұсынған бірыңғай келісілген тізім арқылы сайланып отыр. Бұл тағайындау өңір елдерінің қолдауының арқасында жүзеге асты.
Қазақстанның БҰҰ Статистикалық комиссиясы құрамына енуі – халықаралық қауымдастықтың жоғары сенімін көрсетіп, елдің жаһандық статистикалық жүйені дамытудағы белсенді рөлін айқындайды, - делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.
Комиссия жұмысына қатысу – Қазақстанға халықаралық статистикалық стандарттарды қалыптастыруға, сондай-ақ тұрақты даму мен деректерді цифрландыру бағытындағы бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді.
БҰҰ Статистикалық комиссиясы – жаһандық статистикалық жүйенің негізгі үкіметаралық органы. Ол халықаралық статистикалық стандарттар мен әдіснамалар әзірлеу жұмыстарын үйлестірумен айналысады.
Қазіргі таңда комиссия құрамына төрт жыл мерзімге сайланатын 34 мемлекет кіріп отыр.
Тағы оқи отырыңыздар:
Қазақстан білім беру бойынша әлемдік рейтингте 18-орынға көтерілді
Қазақстан білім рейтингінде сенсация жасады
Әлемдік рейтинг: Қазақстан ауыл шаруашылығы көлемі бойынша қай орында?