Қазақстанның соңғы жаңалықтары

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы: 46 ел Мәскеуді айыптады

13 Қыркүйек 2025, 17:12
872
Бөлісу:
 UN News
Фото: UN News

Еуропалық одақ, АҚШ және тағы 40-тан астам мемлекет Ресейдің дрондары Польшаның әуе кеңістігін бұзғанына байланысты БҰҰ-да Варшава ұсынған мәлімдемеге қолдау білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Агрессияға қатысты ортақ мәлімдемені БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Нью-Йоркте өткен шұғыл отырысы алдында Польшаның Сыртқы істер министрінің орынбасары Марчин Босацкий оқып берді. Құжатта Мәскеу халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын бұзды деп айыпталып, Ресейге "Украинаға қарсы агрессивті соғысты тоқтатып, жаңа арандатушылық әрекеттерден бас тарту" жөнінде талап қойылған.

Жалпы 193 мүше мемлекеттің ішінде 46 мемлекет пен Еуроодақ делегациясы бұл құжатқа қол қойды.

Поляк билігінің мәліметінше, 10 қыркүйек түні кемінде 19 ресейлік дрон Польша шекарасын бұзып өткен. Оларды тосып алу үшін Польша әскери әуе күштерімен қатар НАТО-ға мүше басқа елдердің жойғыш ұшақтары да жұмылдырылды. Варшава Ресейді әдейі Польшаны нысанаға алды деп айыптап, НАТО одақтастарынан консультация сұрады. Бұл – соғыс басталғалы бері алғаш рет ресейлік дрондардың НАТО елдерінің аумағында атып түсірілуі.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұл оқиғаны "қателік салдарынан болуы мүмкін" деп топшылады. Ал Ресей қорғаныс министрлігі Польшадағы нысандарды "әдейі атқылау жоспарда болмағанын" мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы