БҰҰ миссияларына 600-ден астам қазақстандық әскери қызметші қатысты

19 Қаңтар 2024, 10:13
390
Бөлісу:
БҰҰ миссияларына 600-ден астам қазақстандық әскери қызметші қатысты
Фото: Арман Мухатов

Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің сөзінше, әскери қызметшілерді бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына жіберу Парламенттің бұрын қабылдаған бірнеше қаулысына сәйкес жүргізіледі.

2014 жылдан бастап 67 қазақстандық офицер БҰҰ-ның Батыс Сахара, Кот-д'Ивуар, Мали, Орталық Африка Республикасы және Ливандағы миссияларына әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде қатысты. 2018 жылдан бастап 538 қазақстандық әскери қызметші бітімгершілік бөлімшесінің құрамында "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" миссиясына қатысты, - деді ведомство басшысы.

Руслан Жақсылықовтың айтуына қарағанда, қазір Батыс Сахарада 6 офицер, Орталық Африка Республикасында 2 офицер, Конго Демократиялық Республикасында 2 офицер, Ливанда 9 әскери қызметші қызмет өткеріп жатыр.

Ұйым басшылығы офицерлердің жауынгерлік машығына баға беріп, ұйым миссиясында Қазақстан бітімгерінің санын ұлғайтуға дайын екенін білдірді. Біздің офицерлер бітімгершілікке үлес қосқаны үшін медальмен наградталып, алғыс хатқа ие болды. Бітімгершілік қызметті қолдау, жанжалды реттеу әлемдік қоғамдастық назарында екенін атап өткен жөн. Контингетті миссияға жіберу, халықаралық қауіпсіздікті нығатуға айтарлықтай үлес қосып, Қазақстанның жаһандық арендағы рөлін арттыруға ықпал етеді, - деді Жақсылықов.

Өзгелердің жаңалығы