Қазақстанның соңғы жаңалықтары

БҰҰ комиссиясы Израильдің Газадағы әрекеттерін геноцид деп таныды

17 Қыркүйек 2025, 04:27
507
Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

БҰҰ-ның Палестина аумағындағы оқиғаларды тергеу жөніндегі комиссиясы Израильдің Газа секторындағы әскери қимылдарын геноцид деп бағалады. Есеп 2023 жылғы 7 қазаннан 2025 жылғы 31 шілдеге дейінгі кезеңді қамтиды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ведомости басылымына сілтеме жасап.

Комиссияның қорытындысына сәйкес, Израиль билігі мен Қорғаныс армиясы (IDF) геноцид туралы 1948 жылғы Конвенцияда көрсетілген бес актінің төртеуін жасаған:

  • бейбіт тұрғындарды қасақана өлтіру,
  • ауыр жарақат пен психологиялық залал келтіру,
  • палестиналықтарды жоюға әкелетін өмір сүру жағдайларын жасау,
  • тууға кедергі келтіру шараларын қолдану.

Баяндамада Газадағы жалпы қоршау, гуманитарлық көмекті бұғаттау, денсаулық сақтау мен білім беру инфрақұрылымын жүйелі түрде жою, жыныстық зорлық-зомбылық пен балаларға қарсы шабуылдар да аталды.

Комиссия төрайымы Нави Пиллайдың айтуынша, бұл қылмыстарға Израильдің жоғары саяси және әскери басшылығы жауапты. Сонымен қатар, премьер-министр Беньямин Нетаньяху, президент Ицхак Герцог және бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галланттың риторикасы геноцидке итермелеу ретінде қарастырылды.

Израиль Сыртқы істер министрлігі есепті «ХАМАС-тың өтірігіне негізделген» деп атап, комиссияны таратуға шақырды.

Бұл баяндама Израильдің Газа қаласына жаңа шабуылдар жасағаны туралы хабар тараған сәтте жарияланды. Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың қазанынан бері 65 мыңға жуық палестиналық қаза тапқан, олардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар.

Өзгелердің жаңалығы