- Мұқаба
- Жаңалықтар
- БҰҰ: Газаны қалпына келтіру мен қайта жаңғыртуға $71,5 млрд қажет
БҰҰ: Газаны қалпына келтіру мен қайта жаңғыртуға $71,5 млрд қажет
БҰҰ есебіне сәйкес, Газаның инфрақұрылымына келтірілген шығын $35,2 млрд, ал экономикалық және әлеуметтік шығын $22,7 млрд болды.
25 Қыркүйек 2026, 13:47
БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) жаңа баяндамасында ондаған жылдар бойы қол жеткізілген даму нәтижелерінің жоғалғаны, Газадағы экономикалық күйзеліс және Батыс жағалаудағы экономикалық шектеулердің күшейгені құжатталған.
Газаны қалпына келтіру және қайта жаңғырту жұмыстарының құны 71,5 млрд долларға бағаланып отыр. Бұл туралы ЮНКТАД-тың Палестина халқына көрсетілетін көмек жөніндегі соңғы баяндамасында айтылған. Құжатта Газа экономикасының күйреуі, Батыс жағалауда экономикалық қызметке қойылған шектеулердің күшеюі, сондай-ақ Палестина мемлекеттік қаржысы мен банк секторына түсіп отырған қысымның артуы жан-жақты сипатталған.
Баяндамада 59 жылға созылған оккупация Палестина экономикасының дамуын шектегені, ал 2023 жылғы қазаннан кейін құрылымдық және экономикалық шығындардың күрт өскені атап өтілген. Қатты құлдыраудан кейін Палестина ЖІӨ 2025 жылы 4,3 пайызға өскенімен, 2022 жылғы деңгейден әлі де 20 пайыз төмен болды. 2024 жылы 83 пайызға қысқарғаннан кейін Газа ЖІӨ-сі нақты мәнде 34,2 пайызға өсті. Оккупацияланған Палестина аумағында 2023 жылғы қазаннан бері жүздеген мың жұмыс орны жоғалып, еңбек кірістерінің жиынтық көлемі шамамен 2,8 млрд долларға қысқарған.
Батыс жағалауда баяндамада қоныстардың кеңеюіне байланысты жер мен табиғи ресурстарға қолжетімділіктің азайғаны құжатталған. Сондай-ақ халықтың қоныс аудару ауқымы артқаны айтылған: 2023 жылдан бері Палестинаның 38 қауымдастығы толығымен тасталған, ал 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы қоныс аудару көлемі 2025 жылы толық тіркелген көрсеткіштен асып түскен.
Қаржылық қысым
Баяндамада Палестинаның мемлекеттік қаржы жағдайы айтарлықтай нашарлағаны атап өтіледі. Париж хаттамасына сәйкес, Израиль Палестина үкіметінің атынан бюджет кірістерінің үштен екісінен астамын жинайды. Қаражат аударымдары тұрақсыз жүргізіліп, олардан түрлі сомалар ұсталған. Баяндамаға сәйкес, Палестина үкіметіне тиесілі кедендік-клирингтік түсімдерді аудару 2025 жылғы мамырдан 2026 жылдың ортасына дейін толығымен тоқтатылған.
2019 жылғы қаңтардан 2026 жылғы наурызға дейінгі кезеңде ұсталған және шегерілген кірістердің жиынтық көлемі төлем мерзімі басталған кездегі айырбас бағамдары бойынша 3,67 млрд доллардан асқан. Бұл 2025 жылы Палестинаның таза жиынтық кірісінің 83 пайызына тең. Баяндамада 2025 жылғы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 13 пайызы деңгейінде бағаланған. Егер барлық қарастырылған төлемдер жүргізілгенде, бұл көрсеткіш 6 пайыз болар еді.
Бұл қаржылық қысым аса маңызды қызметтерді көрсету мүмкіндігін шектеп отыр. 2025 жылдың соңына қарай денсаулық сақтау саласына қатысты берешек 1 млрд доллардан асқан. Мұндай жағдай ауруханалар мен басқа да мекемелердің жұмысына кері әсер етуде.
Баяндамаға сәйкес, Батыс жағалауда ресурстардың жетіспеушілігі салдарынан 2025 жылы мектептер офлайн оқытуды аптасына үш күнмен шектеуге мәжбүр болған.
Банк секторындағы тәуекелдер
Бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін үкімет ішкі банктерден қарыз алуды көбейтіп, жеке сектордағы жеткізушілер мен зейнетақы қорына берешегін жинақтаған. Нәтижесінде мемлекеттік қарыздың жалпы көлемі 2025 жылы 4,8 млрд долларға жеткен. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын кепілге қою арқылы берілетін несиелермен бірге бұл банк жүйесінің мемлекеттік секторға қатысты тәуекелдерінің 5,3 млрд долларға, яғни барлық банк несиелерінің 42 пайызына дейін жетуіне әкелген.
Баяндамаға сәйкес, Израиль билігі беретін кепілдік хаттарының қолданылу мерзімінің қысқалығы корреспондент-банктік қатынастарға, сондай-ақ халықаралық сауда мен қаржыландыруға қолжетімділікке әсер етеді. Палестина банктері шекель түріндегі қолма-қол ақшаны цифрлық қаражат қалдығына айырбастау кезінде де валюта репатриациясына қойылған шектеулерге байланысты қиындықтарға тап болып отыр. Бұл шектеулер жиынтығында отын, дәрі-дәрмек және азық-түлік импортын қаржыландыруға кедергі келтіруі мүмкін.
Газадағы экономикалық дағдарыс
Баяндама авторларының бағалауынша, 2023 жылғы қазаннан бері Газадағы экономикалық кәсіпорындардың 92 пайызы бүлінген немесе жойылған. 2025 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ 212 долларды құрады. Бұл ЖІӨ бойынша тәулігіне бір адамға шамамен 0,58 долларға тең және 2022 жылғы деңгейдің 17 пайызын ғана құрайды. Жұмыссыздық деңгейі 78 пайызға жетсе, еңбекке қабілетті жастағы халықтың 90 пайыздан астамы жұмыссыз қалған.
Газаның Палестина ЖІӨ-сіндегі үлесі 2023 жылғы қазанға дейінгі 17,4 пайыздан 2025 жылы 4 пайыздан төмен деңгейге дейін қысқарған.
Газаның барлық өндірістік секторларындағы көрсеткіштер 2022 жылғы деңгейден айтарлықтай төмен болып қалды. Баяндамада ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өндірісі 94 пайызға, ал құрылыс саласындағы өндіріс 99 пайызға қысқарғаны айтылған.
2025 жылы Газадағы жалпы баға деңгейі 2022 жылғы көрсеткіштен 274 пайызға жоғары болды. Бұл ретте картоп пен тұрмыстық газ сияқты негізгі тауарлардың бағасы 2022 жылғы деңгейден бірнеше есе асып кеткен.
Қалпына келтіру және қайта жаңғырту қажеттілігі
Дүниежүзілік банк, Еуропалық одақ және Біріккен Ұлттар Ұйымы жүргізген залал мен қажеттіліктердің жедел бағалауына сәйкес, 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша Газаның физикалық инфрақұрылымына келтірілген шығын 35,2 млрд долларды, ал экономикалық және әлеуметтік шығындар 22,7 млрд долларды құраған. Ал қалпына келтіру және қайта жаңғыртуға қажетті жалпы қаражат 71,5 млрд долларға бағаланып отыр. Залалдың жаңа көлемі тіркелген сайын бұл сома артуы мүмкін.
Тұрғын үй секторы залалдың ең ірі санатын және қайта жаңғыртуға қажеттіліктің ең үлкен бөлігін құрайды. Бағалауда білім беру және медициналық мекемелерге айтарлықтай зиян келгені айтылған. Ауруханалар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелерінің жартысынан астамы жұмыс істемейді. Газада ауыл шаруашылығына жарамды әрі бүлінбеген жерлердің 1,5 пайызынан азы ғана қолжетімді болып қалған. Бұл гуманитарлық азық-түлік көмегіне тәуелділікті күшейткен.
Баяндамада оккупацияланған Палестина аумағын қалпына келтіру және қайта жаңғырту үшін ауқымды халықаралық қаржылық әрі техникалық көмек қажет екені атап өтіледі. 2023 жылғы қазанға дейінгі жағдайға жай ғана оралмай, қалпына келтірудің негізгі шарты ретінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, энергетика және технология секторларындағы өндірістік әлеуетті қалпына келтіру қажеттігі көрсетілген.
Баяндамада үш шұғыл басымдық айқындалған: ұсталған Палестина кірістерін аудару, банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және қайта жаңғыртуға көрсетілетін көмекті құжатталған залал мен экономикалық шығындардың ауқымына сәйкестендіру.
Еске салайық, бұған дейін ДДСҰ Газада мыңдаған науқас медициналық эвакуацияға мұқтаж екендігін айтқан болатын.
Ең оқылған:
- Астанада зейнеткерлерге 10 000 теңгеден берілетін болды
- «Екеуі де сағатқа таласып, жалақы үшін жұмыс істеп жүр»: Педагог ауыл мен қала мұғалімдерін салыстырды
- Зейнетақы мен жәрдемақының 70%-ына қатысты тәртіп өзгеруі мүмкін
- Дәрігерге жазылу: Емханаларға жаңа талап қойылды
- 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды
Мақпал ОРЫНБЕК