БҰҰ еліміздің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты үндеуін қолдады

12 Қазан 2024, 02:20
438
Бөлісу:
БҰҰ еліміздің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты үндеуін қолдады
Фото: Сыртқы істер министрлігі

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің (БҰҰ АҚК) 57-ші сессиясында Қазақстанның бастамасымен халықаралық қоғамдастықты тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоюға шақыратын қарар бірауыздан қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

Отбасылық зорлық-зомбылықтың жаһандық проблемасына жарық түсіретін және оған әлемдік қоғамдастықтың назарын аударатын құжат БҰҰ-ның құқық қорғау алаңында алғаш рет қаралды. Қарар бойынша жұмыс Орталық Азия елдерімен – Қырғыз Республикасымен және Өзбекстан Республикасымен бірлесіп жүргізілді.

Қазақстандық бастама еліміздің құқық қорғау саласындағы басымдықтарына және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйелі реформаларына негізделген. Атап айтқанда, 2024 жылғы сәуірде қабылданған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстандыру туралы заң осы бастаманы БҰҰ-ның жаһандық құқық қорғау алаңында ілгерілетуге ынталандырды.

Бұл қарарда БҰҰ отбасыдағы зорлық-зомбылық ең көп таралған және ең аз жарияланатын зорлық-зомбылық түрі болып табылатынын алғаш рет мойындайды. Сондай-ақ бұл құжат барлық мемлекеттерді отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмау және жою, құрбандарды қорғау және кінәлілерді жауапқа тарту үшін нақты шаралар қабылдауға шақырды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоюға одан әрі жәрдемдесу мақсатында АҚК бұл мәселені өзінің 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына енгізіп, отбасыдағы зорлық-зомбылықтың құрылымдық және негізгі себептері мен қауіп-қатер факторларын жою туралы ұсынымдары бар жан-жақты баяндама қабылдау туралы қаулы етті, - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Қазақстандық қарар кең ауқымды халықаралық қолдауға ие болды. Оның тең авторлары 60-тан астам ел болды, олардың арасында АҚШ, ҚХР, Еуропалық одақ, Азия, Африка және Латын Америкасы елдері бар.

Қарар еліміздің биыл аяқталатын БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүшеліктің үш жылдық кезеңіндегі жұмысының тағы бір елеулі нәтижесі болды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы да Қазақстанның бастамасымен БҰҰ-ның Женевадағы алаңында «Әр бала үшін бейбітшілік пен толеранттылық үшін сапалы білім беруді қамтамасыз ету» қарары қабылданған болатын.

Өзгелердің жаңалығы