Қазақстанның соңғы жаңалықтары

БҰҰ бас хатшысы Судандағы бітімгерлер нысанына жасалған шабуылды айыптады

Кеше, 20:15
151
Бөлісу:
 Anadolu Agency
Фото: Anadolu Agency

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Судандағы БҰҰ нысанына жасалған шабуылды қатаң айыптап, салдарынан алты адам қаза тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Гутерриш жазбаша мәлімдемесінде Суданның Оңтүстік Кордофан штатының әкімшілік орталығы – Кадугли қаласында орналасқан БҰҰ бітімгерлік күштерінің базасына ұшқышсыз ұшу аппараты (БПЛА) арқылы жасалған шабуыл нәтижесінде Бангладештен барған алты қызметкердің көз жұмғанын, тағы сегізінің жараланғанын растады.

Бас хатшы бұл шабуылды түбегейлі айыптап, қаза тапқандардың отбасыларына және Бангладеш үкіметіне көңіл айтып, жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тіледі.

Сондай-ақ Гутерриш халықаралық құқыққа сәйкес бітімгерлер нысандарына жасалған шабуылдар соғыс қылмысы ретінде қарастырылуы мүмкін екенін атап өтіп, тараптардың БҰҰ қызметкерлері мен бейбіт тұрғындарды қорғау жөніндегі міндеттемелерін еске салды. Ол тараптарды дереу бітімге келуге және келіссөздерді жалғастыруға шақырды.

Оңтүстік Кордофанда болғандай бітімгерлерге жасалған шабуылдарға жол берілмейді. Жауапкершілік міндетті түрде қамтамасыз етілуі тиіс, – деді ұйым басшысы.

Бұған дейін Бангладеш армиясының қоғаммен байланыс басқармасы Кадуглидегі бітімгерлік миссия нысанына жасалған шабуыл салдарынан алты бангладештік әскери қызметкердің қаза тапқанын, сегізінің жараланғанын хабарлаған болатын.

Ал Судан билігі нысанға БПЛА арқылы жасалған шабуыл үшін жедел әрекет ету күштерін (СБР) айыптады. Алайда СБР бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Өзгелердің жаңалығы