БҰҰ Бас хатшысы Ресейге үндеу жасады

14 Сәуір 2025, 16:25
473
Бөлісу:
БҰҰ Бас хатшысы Ресейге үндеу жасады
Фото: Roman Pilpey/AFP/Getty Images

БҰҰ Бас хатшысы Сумыға жасалған шабуылдан кейін Ресейді бітімге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ dw.com-ге сілтеме жасап.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресейді бейбіт қалаларға шабуыл жасауды тоқтатуға және Украинада атысты доғаруға шақырды. Ол елдің аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді қолдайтынын мәлімдеді.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресей армиясының Сумы қаласына жасаған соққысын қатаң сынға алды. Бұл шабуыл 34 адамның өмірін қиған еді.

Гутерриш 14 сәуірде әлеуметтік желіде Украинада бітім орнатуға шақырған жазба жариялады.

Украинаның Сумы қаласына жексенбі күні жасалған Ресей зымыран соққысы мені қатты алаңдатады. Бейбіт тұрғындарға шабуыл жасау – халықаралық құқыққа қайшы және дереу тоқтатылуға тиіс – деп жазды Гутерриш.

Мен тағы да ұзақ мерзімді атысты тоқтатуға шақырамын және БҰҰ-ның әділ, тұрақты әрі жан-жақты бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған күш-жігерін қолдайтынымды растаймын. Бұл бейбітшілік Украина егемендігіне, тәуелсіздігіне және аумақтық тұтастығына толықтай сай келуі тиіс – деді БҰҰ бас хатшысы.

2025 жылдың 13 сәуірі, жексенбі күні Ресей армиясы Сумы қаласына баллистикалық зымырандармен шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан 34 адам қаза тапты, олардың екеуі – балалар. Тағы 117 адам жарақат алды, оның ішінде 11 бала бар.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл шабуылды айыптап, шабуыл Вербное воскресенье күні жасалғанын еске салды. Бұл күні көптеген адам шіркеуге бара жатқан. Президенттің айтуынша, зардап шеккендердің 68-і ауруханада, олардың сегізінің жағдайы ауыр.

Жоғарғы Рада депутаты, «Халық қызметшісі» фракциясының мүшесі Марьяна Безуглая шабуыл кезінде Сумы қаласында әскери қызметкерлерді марапаттау рәсімі өткенін айтты. Мұны Сумы облысындағы Конотоп қаласының мэрі Артем Семенихин де растады.

Өзгелердің жаңалығы