Бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясы 152 елдің бірлескен авторлығымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын Алматыда ашу туралы қарарды консенсус негізінде қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
Бұл – еліміздің сыртқы саясаттағы айтулы жетістігі. Президент Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшін барлық серіктесімізге ризашылық білдірді. Мемлекет басшысының пікірінше, БҰҰ-ның Аймақтық хабы халықаралық іс-қимылды үйлестірудің маңызды алаңына айналады, - деп жазды Руслан Желдібай.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы Стивен О'Малли Қазақстан мен БҰҰ серіктестігі жаңа деңгейге көтеріліп жатқаны туралы айтқан еді.