Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясы аясында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді төрағалығымен Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының 20-шы жыл сайынғы министрлік отырысы онлайн режимде өтті.
Кездесу қатысушыларына сондай-ақ, БҰҰ Бас Ассамблеясы 76-шы сессиясының төрағасы Абдулла Шахид және БҰҰ-ның ең осал дамушы елдерге арналған Жоғары өкілі Кортни Раттрэй құттықтау хаттарын жолдады.
Отырысты ашқан Министр пандемиядан неғұрлым зардап шеккен осал елдердің осы тобы халықаралық әріптестер мен донорлар тарапынан барабар қолдауды талап ететінін атап өтті. Қазақстан 2020-2021 жылдарға арналған ТШЖДЕ тобының жаһандық төрағасы бола отырып, екі жылға жуық уақыт бойы барлық тиісті халықаралық алаңдарда топ елдерінің мүдделерін қорғады және ілгерілетті.
Кездесу қорытындысы бойынша Министрлік декларациясы қабылданып, онда, атап айтқанда, Қазақстанның бастамасы бойынша топ елдерінің проблемаларын, оның ішінде әлемдік нарықтардан алыстығымен және транзиттік елдерге тәуелділігімен байланысты проблемаларды шешуде прогресті жеделдету жөніндегі Жол картасын іске асыруды тұрақты үйлестіру бойынша жаңа хатшылықты құруға шақыру көтерілді. Қазақстандық төрағалық бастамашы болған және өткен жылдың қыркүйегінде қабылданған бұл құжат 2024 жылға дейінгі кезеңде осы міндеттерді жедел іске асыру үшін барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіруге ықпал етеді.
Іс-шараға 85-тен астам делегат, оның ішінде 32 елдің сыртқы саяси ведомстволарының және әріптес елдердің басшылары, ЮНИДО, ФАО, ЮНКТАД, АзТМЭӘК, МОМД, ДСҰ, ЕЭК және т.б. сияқты БҰҰ халықаралық ұйымдары мен агенттіктерінің басшылары қатысты.
Сондай-ақ, кездесу аясында 2022-2023 жылдарға ТШЖДЕ тобының келесі төрағасы – Ботсвана сайланды.