2027 жылы БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы әлем бойынша 91 миллион адамға гуманитарлық көмек көрсету үшін 12,1 млрд доллар қаржы қажет екенін мәлімдеді. Ұйым қаржыландыру тапшылығы мен жаңа жаһандық азық-түлік дағдарысының қаупіне байланысты миллиондаған адам қажетті көмексіз қалып, аштыққа ұшырауы мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне тоқталған болатын. Мемлекет басшысы әлемде азық-түлік тапшылығы туындаған жағдайда Еуразия негізгі азық-түлік жеткізуші орталықтардың біріне айналуы мүмкін екенін айтқан еді.
Жаһандық ашаршылық туындаған жағдайда Еуразия азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі орталық болуы әбден ықтимал екеніне күмән жоқ, – деді Президент.
Осы тұрғыда БҰҰ-ның 2027 жылға арналған болжамы әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігін тағы да көрсетеді.
Женевада журналистерге «2027 жылға арналған жаһандық болжам» баяндамасын таныстырған Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Атқарушы директорының орынбасары Мэттью Холлингворт ұйым өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған және аштық қаупіне тап болған адамдарға қолдау көрсету үшін бар күшін салатынын айтты.
Баяндамаға сәйкес, әлем бойынша кемінде 266 миллион адам өткір аштықтан зардап шегіп отыр. Олардың шамамен 39 миллионы төтенше деңгейдегі аштық жағдайында немесе одан да ауыр ахуалда өмір сүреді.
Бұл ретте халықаралық көмектің көлемі қысқарып келеді. Соның салдарынан Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы ресурстарын ең шұғыл көмекке мұқтаж адамдарға ғана бағыттауға мәжбүр.
«Өте күрделі шешімдер қабылдауға тура келеді»
Римдегі ұйымның штаб-пәтерінде сөйлеген Мэттью Холлингворт жергілікті жерлерде жұмыс істейтін мамандар өте күрделі шешімдер қабылдауға мәжбүр екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл кейбір адамдардың қажетті көмексіз қалуына әкеледі.
Ол қақтығыстардың салдарынан әлемдік маңызы бар үш теңіз жолында күрделі жағдай қалыптасқанын айтты. Олар – Ормуз бұғазы, Баб-эль-Мандеб бұғазы және Қара теңіз.
Бұған қоса, Эль-Ниньо климаттық құбылысы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігіне кері әсер етіп отыр. Ал жанармай мен тасымал бағасының өсуі азық-түлік құнын қымбаттатуда.
Біз алдағы уақытта соңғы алты жылдағы үшінші жаһандық азық-түлік дағдарысына тап болуымыз әбден мүмкін. Бұған дейін мұндай дағдарыстарға COVID-19 пандемиясы мен Украина аумағындағы соғыс себеп болған еді, – деп ескертті Холлингворт.
Көмектің тиімділігін арттыру үшін икемді қаржыландыру қажет
Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы донор елдерді икемді әрі болжамды қаржыландыруды қамтамасыз етуге шақырды. Бұл қаражатты қажеттілік ең жоғары аймақтарға бағыттап, бөлінген әр доллардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ұйымның қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Лора Тернер гуманитарлық көмектің тиімділігін арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, ұйым табиғи апаттар болғанға дейін алдын алу шараларын қолға алып, тәуекелдерді азайтуға бағытталған бағдарламаларды қаржыландыру арқылы үкіметтер мен жергілікті қауымдастықтарға қолдау көрсетеді. Сондай-ақ мүмкіндік болған жағдайда халыққа ақшалай төлемдер беріледі.
Бұл отбасыларға өз қажеттіліктеріне қарай таңдау жасауға, қадір-қасиетін сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті нарықтардың дамуына ықпал етіп, үкіметтер дағдарысқа қарсы әрекет ету үшін пайдаланатын ұлттық жүйелерді нығайтады, – деді Лора Тернер Римде сөйлеген сөзінде.
Оның атап өтуінше, баяндама алда тұрған сын-қатерлердің ауқымын ғана емес, шұғыл гуманитарлық көмекті жергілікті қауымдастықтарды, мемлекеттік институттар мен нарықтарды нығайтуға бағытталған инвестициялармен ұштастыру арқылы қандай нәтижеге қол жеткізуге болатынын да көрсетеді.
Біздің мақсатымыз – келесі жылы аштық мәселесіне жауап берумен ғана шектелмейді. Біз төтенше гуманитарлық көмекке мұқтаж адамдардың саны айтарлықтай азаятын болашақты қалыптастыруға ұмтыламыз, – деді ол.