Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновке іздеу жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресми ақпаратқа сәйкес, ол 2025 жылдың 29 тамызынан бері іздестіріліп жатыр. Мәліметтер құқықтық статистика және арнайы есептер порталында жарияланған.
Мақсат Дүйсенов 1973 жылы дүниеге келген. Ол ішкі істер органдарында, қаржы полициясында, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде еңбек еткен.

Әр жылдары бірқатар басшылық қызметтерді атқарды: ҚР Қауіпсіздік кеңесінде (2013–2014), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысының орынбасары (2016–2018) болды.
2018 жылдың тамызында көлік прокурорының орынбасары, кейін бас көлік прокуроры болып тағайындалып, бұл қызметті 2019 жылдың сәуіріне дейін атқарған.
Ол "Құрмет" және II дәрежелі "Айбын" ордендерімен марапатталған.
Бұған дейін, 2012 жылдың ақпанында, Дүйсенов Алматы қаласы Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес департаментінің бастығы қызметінен, оның қарамағындағы қызметкер пара алу үстінде ұсталғаннан кейін, босатылған болатын.