Ең жақын көршілеріміздің бірі – Қытай туралы не білеміз? Саясаттанушы Дина Айкенова бұрын қазақ халқы "Қытайда жасалған" (Made in China) дегеннің бәріне күмәнмен қарайтын болса, бүгінде қазақ қалаларының көшелерінде қытайлық автоөнеркәсіп басым деген пікір айтты. Оның сөзінше, өзгерістер экономикаға ғана емес, саясатқа да әсер етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас соңғы уақытта саяси деңгейде өзгерді, барлық сарапшы екі мемлекет басшыларының арасындағы жеке қарым-қатынасқа назар аударып, оның нәтижесі елдер арасындағы байланысқа әсер етіп жатқанын айтады, - деді Қытай зерттеушілер қауымдастығының сарапшысы.
Дина Айкенованың айтуынша, көршіміз туралы неғұрлым көбірек білген сайын стереотиптер де соғұрлым азая береді. Тарихы терең Қытай бір орында тұрып қалмай, ел экономикасын дамытып, дамымаған аймақтарды кедейліктен алып шықты.
Сарапшы Қытайға барғанында олардың әлемдегі сыртқы өзгерістерге және заманауи талаптарға қаншалықты тез бейімделетініне таңданғанын жасырмады.
Мысалы, біз жоспарды 20-30 жылға құрсақ, Қытайда әлдеқайда ұзақ жылдарға жоспар бар. Айталық, бір император екінші императорға жоспарын қалдырса, оның не істейтінін және өз елінің даму жоспарын бәрі білетін. Бүгінде Қытайда болжамдар мен жоспарлаумен 14 мыңнан астам сараптамалық орталық айналысады. Қытай экономикасында логистика, көлік және жолдардың сапасы ерекше орын алады. Бізге үйренетін дүние бар. Бәлкім, Астананың даму жоспары 30-50 жылға емес, одан да алысқа қарастырылғанда, жолдар басқаша салынар ма еді. Айтпақшы, адамдарға да ұзақ мерзімді жоспар қажет. Ол үшін қаржылық сауаттылық маңызды. Бірақ өздеріңіз білетіндей, қазақстандықтардың қаржылық сауаты көңіл қоншытпайды, - деп айтты Дина Айкенова.
Сарапшының айтуынша, екі ел арасындағы қазіргі визасыз режим қазақстандықтардың Аспан асты еліне ағынын арттырып, азаматтарымыз бұл елдің есігін ашты.
Тіл білмеймін деп қорқудың қажеті жоқ. Орыс тілін білу жеткілікті. Сонымен қатар, Қытайдың бірқатар жоғары оқу орнында оқу қазақ тілінде жүргізіледі, егер сіз балаңызды осы елге оқуға жіберуді жоспарласаңыз, бұл да маңызды. Оның үстіне Қытайдағы көптеген іс-шара, әдетте сараптамалық шаралар қазақ тілінде өткізілуі мүмкін, - дейді сарапшы өз сөзінде.
Cаясаттанушы, Қытай зерттеушілер қауымдастығының сарапшысы Дина Айкенова YouTube-тегі "Қытай туралы сөйлесейік" жобасына берген сұқбатында айтты.