Нью-Йоркте "Азияның батыр қызы" атанған бүркітші оқуға түсті

13 Тамыз 2020, 18:53
3653
Бөлісу:
Нью-Йоркте "Азияның батыр қызы" атанған бүркітші оқуға түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дүние жүзінде ең жас құсбегі атанған қандасымыз Айшолпан Нұрғайып Сулейман Демирел университетінің студенті атанды. 

Айта кеткен жөн, аты аңызға айналып, құсбегілік өнерді әлемнің түкпір-түкпіріне таныстырып, Нью-Йоркте "Азияның батыр қызы" атағына ие болған Айшолпанға бұдан бұрын әлемнің белді жоғары оқу орындары – Гарвард пен Оксфорд білім алуға ұсыныс білдірген. Алайда, атажұртқа оралған қандасымыз биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы "Spectrum" халықаралық мектебін тәмамдап, Сулейман Демирел университетіне таңдау жасады. 

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы оқу орнының басшылығы қазақ халқының құсбегілік өнерін әлемдік аренада кеңінен насихаттап, отандық этномәдениетке елеулі үлес қосқаны үшін Айшолпан Нұрғайыпқа университетінің 100 пайыздық білім грантын тағайындаған болатын. Бүгінде білімгер "Екі шет тілі" мамандығын таңдап отыр. 

Алғаш СДУ туралы Қазақстанда тұратын туысқандарымнан естіп білген болатынмын. Мұндағы студенттік өмірдің қызықты әрі ерекше екенін білемін. Оқуға түскен күннен бастап сабағымды жақсы оқып, бірнеше шет тілін меңгерген мықты маман болып шыққым келеді. Тек білім алып қана қоймай, өз-өзімді жан-жақты дамытып, достар тауып, нағыз СДУ студенті атанамын деген үміттемін. Менің өнеріме тәнті болып, Лондондағы Oxford университеті және Америкадағы бірқатар университет оқуға шақырған болатын. Алайда, мен өз атамекенім Қазақстанда қалатын болдым. СДУ-дың беретін білімі әлемдік жоғары оқу орындарының деңгейінен кем емес екеніне сенімдімін. Маған осындай тамаша мүмкіндік сыйлап отырған университет әкімшілігіне шексіз алғысымды айтамын!, - деген лебізін білдірді 1-курс студенті атанған Айшолпан Нұрғайып. 

Жас білімгер болашақта өзін шет тілін еркін меңгерген және туризм саласын дамытуда айтарлықтай үлесі бар маман ретінде көретінін айтты. Сонымен қатар, ол туризм саласының қыр-сырын танып, шет мемлекеттермен тығыз байланыста қызмет етуді армандайтынымен бөлісті.

Өзгелердің жаңалығы