Burger King-тегі тексеріс: Еңбек заңнамасын бұзудың бірнеше фактісі анықталды

Burger King-те жалақы заңсыз ұсталған, еңбек заңнамасы өрескел бұзылған.

 pixabay 11 Наурыз 2026, 11:41
11 Наурыз 2026, 11:41
1158
Фото: pixabay

Burger King қызметіне қатысты жоспардан тыс тексеру аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті «QSR» ЖШС-не (Burger King) қатысты жүргізілген жоспардан тыс тексеру аяқталғанын мәлімдеді. Тексеру қызметкер Қаратай Әлібектің өтініші негізінде жүргізілді.

Тексеру барысында өтініш берушінің уәждері толықтай расталдған.

Жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасының талаптарын жүйелі түрде сақтамау фактілері анықталды. Атап айтқанда, жұмыскерлердің келісімінсіз жалақыдан заңсыз ұстап қалу, жалақыны жүйелі түрде кешіктіру, нақты жұмыс істеген уақытты есепке алмау және мереке әрі демалыс күндеріндегі еңбекақыны жоғарылатылған мөлшерде төлеу талаптарын сақтамау фактілері тіркелді. Сонымен қатар, ауысым кестелері жұмыскерлерге заңмен белгіленген мерзімдерді бұза отырып жеткізілген, - деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ инспекторлар компанияның жұмыскерлерді қажетті арнайы киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпегенін, ал персоналдың еңбекті қорғау бойынша міндетті нұсқамалардан өтпей-ақ өз міндеттерін орындауға жіберілгенін анықтады.

Тексеру қорытындысы бойынша «QSR» ЖШС-не барлық анықталған бұзушылықтарды міндетті түрде жою туралы нұсқама берілді. Заңды тұлғаға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87, 93 және 94-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жағдай жұмыскерлердің еңбек құқықтары толық қалпына келтіріліп, берілген нұсқамадағы шаралар орындалғанға дейін мемлекеттік еңбек инспекторларының бақылауында болады, - деп жазылған хабарламада. 

Еске салайық, бұған дейін даудан кейін Burger King басшыларының бірі жұмыстан кеткен болатын. 

 

Наверх