Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов туризм саласындағы негізгі проблемалар мен оларды шешу жолдары жөнінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Негізгі көрсеткіштердің өсу үрдісіне қарамастан, бұл салада әлі де бірқатар шешілмеген жүйелі мәселелер бар. Ең алдымен, бұл – курорттық аймақтардың инфрақұрылымы, – деді ол.
Министр Мемлекет басшысының туристік бағыттардың жай-күйін жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүргізілген жұмыстарға тоқталды.
Мемлекет басшысының туристік бағыттардың жай-күйін дұрыстау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Президент Әкімшілігі және Үкімет Аппаратының инспекторларымен Бурабай, Баянауыл, Катон-Қарағай, Балқаш, Қапшағай, Алакөл (Абай мен Жетісу обл.), Маңғыстау (Каспий теңізінің жағалауы) курорттық аймақтарына тексеру жүргізілді, – деді министр.
Инфрақұрылымдық түйткілдерге тоқтала келе:
Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарындағы курорттық аймақтарда сумен қамтамасыз ету және орталықтандырылған кәріз жүйесі мәселелері әлі де шешілмеген. Суды, соның ішінде ұңғымаларды пайдалану мәселесіне арнайы назар аудару қажет. Бұл мәселе, әсіресе, Алакөл жағалауында аса өзекті болып тұр, – дейді Ербол Мырзабосынов.
Алакөл жағалауындағы қауіпке ерекше назар аударылды.
Алакөл көлінің екі беттегі жағалауында да жағаны бекіту жұмыстарын жүргізу қажет. Мысалы, Абай облысындағы бірқатар демалыс базалары қауіпті жерде, оларға су тым жақындап қалған. Осыған байланысты бұл мәселені шешуді кейінге қалдыруға болмайды, – деді ол.
Сондай-ақ жағажай аймақтарына қатысты:
Сонымен бірге Каспийдің және Жетісу облысындағы Алакөл жағажай аймақтарында судың түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет, – деп атап өтті министр.
Мырзабосынов кейбір курорттардың туристер ағынына дайын емесін баса айтты.
Кейбір курорттар туристер ағынының көбеюіне дайын болмай жатыр. Бурабай курорттық аймағында маусымның қызған шағында – кептеліс болуда. Ал Балқаш көлі бағытында жол бойындағы қызмет көрсету объектілерінің жетіспейтіні, жанармайдың тапшылығы, яғни жанармай құю станцияларында сағаттап тұратын кезектер байқалады, – дейді ол.
Қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесіне тоқталып:
Барлық дерлік курорттық аймақта қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жоқ деуге болады, – деді министр.
Бұл мәселелерді шешу үшін бірқатар ұсыныс берілгенін атап өтті:
Аталған мәселелердің бәрін шешу үшін басым туристік аумақтардағы инфрақұрылымдық жобаларды жалпы ел үшін маңызы бар және аса маңызды объектілермен теңестіру ұсынылады. Басым туристік аумақтар бойынша тиісті түзетулер қазір Сенатта қаралып жатыр. Ұлттық экономика министрлігіне өз қағидаларына өзгеріс енгізуді тапсыруды сұраймыз, – деді ол.
Абаттандыру мен санитарлық жағдайға қатысты да кемшіліктер бар екенін атап өтті.
Кей жерлерде абаттандыруға қатысты ұйымдастырушылық сипаттағы мәселелер де бар, дәретханалар мен қоқыс контейнерлерінің болмауы да осыған жатады. Жағажай аймақтары көбінесе жабдықталмаған және аймақтарға бөлінбеген, – деді министр.
Өңірлердің есептері шынайы жағдайды толық көрсетпеген.
Өңірлер бұл мәселенің шешілгені және жалпы саны 60 санитарлық-гигиеналық тораптың орнатылғаны туралы есеп берді. Алайда қайта тексерген кезде олардың көбі жабық болды және желілерге қосылмаған екен», – деді Ербол Мырзабосынов.
Туристік қауіпсіздікке тікелей әсер ететін қадағалау мәселесіне тоқталып:
Қадағалау жұмысы төмен деңгейде. Аймақтарда инспекторлық топтардың жетіспеуі қатты сезіледі. Облыстағы бүкіл акваторияны көлік инспекциясының бір қызметкері ғана қадағалайды. Осының салдарынан қауіпсіздік тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген, – деді министр.