Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
13-17 маусым аралығында гибридтік форматында өтіп жатқан «Адам және биосфера» ЮНЕСКО бағдарламасының Халықаралық үйлестіру кеңесінің (MAБ-ХҮК) 34-ші сессиясы шеңберінде «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (Ақмола облысы) және Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы (Шығыс Қазақстан облысы) ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының жаһандық желісіне қосу туралы шешім қабылданды.
Сессия жұмысына Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігінің дипломаттары, «Адам және биосфера» жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы Роман Ященко және оның орынбасары Виктория Ильина қатысты.
МАБ Халықаралық сараптамалық кеңесі Қазақстандық ұлттық комитеті ұсынған құжаттарын зерделеп, ұсынылған объектілердің «Адам және биосфера» ЮНЕСКО бағдарламасының өлшемдеріне сәйкестігін бағалай отырып, аталмыш шешімді қабылдады.
Қазақстандағы ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының ұлттық желісінде 15 объектісі енгізілген. Орталық Азия елдерінде биосфералық қорықтарының бұл саны ең көп болып табылады. Әрине, бұл әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау мәселелеріне және оны болашақ ұрпақ үшін сақтауға деген ұмтылысына ерекше назар аударатындығын көрсетеді.