Буллингке қарсы бағдарламаның апробациясы қалай өтіп жатыр?

14 Қараша 2024, 16:29
256
Бөлісу:
Буллингке қарсы бағдарламаның апробациясы қалай өтіп жатыр?
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстандық мектептерде Буллингке қарсы бағдарламаның апробациясы қалай өтуде? Биылғы оқу жылының басынан бастап еліміздің тоғыз өңірінде оқушылар үшін қауіпсіз және қолайлы орта құруға бағытталған «ДосболLIKE» буллингке қарсы бағдарламасын апробациялау жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Аталған бағдарламамен 70 мыңға жуық оқушы, 5 мыңнан астам педагог және білім беру ұйымдарының қызметкерлері қамтылды. Сондай-ақ барлық мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі үшін бағдарламаны сәтті енгізу мақсатында нұсқаулық-әдістемелік семинарлар ұйымдастырылды.

Жобаға қатысушыларға арналған балалар арасындағы қақтығыстардың алдын алу және себептерін анықтау бойынша тренингтер мен практикалық іс-шаралар өтті. Ал ата-аналарға «ДосболLIKE» бағдарламасының мақсаттары мен әдістерін түсіндіретін арнайы іс-шаралар қарастырылған.

«ДосболLIKE» бағдарламасы мектептерде әр бала өзін қауіпсіз сезінетін қолайлы орта құруға бағытталған бағдарлама. Ол оқушылар арасында өзара сыйластық пен бір-біріне жәрдемдесу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Пилоттық жобаның жетістіктері оның бүкіл ел бойынша таратылуына негіз болады деп күтілуде, — деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Бағдарлама мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетуді қамтиды, бұл мектепте достық ахуал қалыптастыруға, жалпы климатты жақсартуға және буллинг деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өркен» балалардың әл-аухатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты жақында «ДосболLIKE» бағдарламасының визуалды стилін жасау бойынша байқау өткізді. Оған түрлі номинациялар бойынша 80 жоба ұсынылды. Үздік жоба авторлары жүлделі орындарды иеленді.

Пилоттық бағдарлама 50 мектепте жүзеге асырылуда, олардың арасында Абай, Жетісу, Ұлытау, Атырау, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Астана және Алматы қалалары бар. Бағдарламаның тиімділігін бағалау және оны Қазақстанның білім беру ұйымдарында одан әрі таратуға дайындалу мақсатында апробация оқу жылының соңына дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы