Бұл соғысты қолдау емес. Депутат Қазақстанның БҰҰ резолюциясына не себепті қарсы дауыс бергенін түсіндірді

19 Желтоқсан 2022, 12:20
4012
Бөлісу:
Бұл соғысты қолдау емес. Депутат Қазақстанның БҰҰ резолюциясына не себепті қарсы дауыс бергенін түсіндірді
Фото: inform.kz

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым кулуарда журналистерге Қазақстанның  БҰҰ резолюциясына не себепті қарсы дауыс бергеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жақында Қазақстан Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға шақырған БҰҰ-ның резолюциясына қарсы дауыс бергені туралы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бұл Қазақстан халқы мүддесі тұрғысынан қабылданған шешім бе? Қалай ойлайсыз? – деп сұрады журналист депутат Айдос Сарымнан Мәжілістің кулуарында.

Қазақстан Донбасты, Крымды, басқаны мойындамайтынын үзілді-кесілді айтты. Мынаны да түсінуіміз керек. Украина мен Ресей арасында кескілескен соғыс жүріп жатыр. Әр тарап өзінің мүмкіндігін арттыру үшін БҰҰ-ның  трибунасын пайдаланады. Бұл заңды нәрсе. Біздің мәселе – өзіміздің жағдайымызды ескере отырып, дипломатиялық ырым-жоралғыларды жасауға мәжбүрміз. Көптеген жағдайда Қазақстан қалыс қалып отырады. Қазақстандықтарды осы жағын да дұрыс түсінуге шақырамын, - деп айтты депутат Сарым.

Мәжіліс депутаты салдары ауыр болмайтынын айтты.

Біздің жағдайда Қазақстан Ресейдің де көңілін, жағдайын, ондағы қоғамдық пікірді ескеріп отыруға тиіс. «Бұл соғыстың бізге келгенін қалайсыздар ма?». Біз де қаламаймыз. Сондықтан осындай тіршілік жасауға мәжбүрміз. Бұл соғысты қолдау емес. Қазақстан соғысқа қатысты өзінің мәлімдемесін бірнеше рет жасаған. БҰҰ қабылдаған барлық шешімнің астында Қазақстанның қолы бар. Дипломатиялық, бейбіт жолмен шешу керегін күн сайын айтып жатырмыз. Әзірге қолымыздан келетіні осы. Тоқаевтың орнына кім келсе де, бір аптадан кейін осы саясатты ұстануға мәжбүр болады. Бұл біздің ойлап тапқанымыз емес. Өкінішке орай, бұл ойында біздің ұпайымыз аса керемет емес. Сондықтан  көрпемізге қарап көсілеміз, жағдайды, яғни Қазақстанның  ішкі де, сыртқы да жағдайын ескереміз, - дейді Айдос Сарым.

Депутат Қазақстанға 5-10 жылдық тыныштық керегін айтты. Тыныштықты пайдаланып, еліміз реформаларды еселеп жүргізіп, қорғаныс саласын күшейтуі қажет.

Еске сала кетейік, Қазақстан БҰҰ-ның Ресейден Украинадағы басқыншылық соғысты тоқтатып, әскерін шығаруды талап еткен қарарына қарсы дауыс берді.

Қарар «Уақытша басып алынған Қырым автономиялы республикасы мен Севастополь қаласындағы (Украина) адам құқығының жағдайы» деп аталады. БҰҰ Бас ассамблеясы 15 желтоқсанда қабылдаған құжатты 82 ел қолдады, 14 ел қарсы шықты, тағы 80 мемлекет қалыс қалды.

Құжатқа қарсы дауыс бергендер қатарында Қазақстан мен Ресейдің өзінен бөлек, Беларусь, Куба, Никарагуа, Зимбабве, Иран, Қытай, Солтүстік Корея, Мали, Судан, Эфиопия, Сирия, Эритерия сияқты мемлекеттер бар.

Өзгелердің жаңалығы