Бұл еліміз үшін маңызды прогрессивті оқиға – Әжіғұлова адам құқықтары туралы жарлыққа қатысты

12 Маусым 2021, 16:01
3046
Бөлісу:
Бұл еліміз үшін маңызды прогрессивті оқиға – Әжіғұлова адам құқықтары туралы жарлыққа қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы 9 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл біздің еліміз үшін маңызды прогрессивті оқиға деп санаймын.

Бұл туралы буллингке қарсы «Street Law Kazakhstan» бағдарламасының координаторы, құқықтанушы Халида Әжіғұлова Facebook-тегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес біздің еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Ал оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Президенттің жаңа жарлығы Конституцияның 1-бабын іске асыруда аса маңызды саналады. Егер біздің азаматтарымыз өз құқықтарын, өз міндеттерін білмесе, басқа адамдардың заңдары мен құқықтарын құрметтемейтін болса, біздің елде адам құқықтарын қорғаудың ұлттық болсын, халықаралық болсын тиімді тетіктері әрекет етпесе, біз ешқашан дамыған құқықтық мемлекет бола алмаймыз. Сондай-ақ бұл барлық министрлік, өзге де орталық және жергілікті атқарушы билік органдары үшін кез келген мемлекеттік бағдарламалар мен заң жобаларын әзірлеу және іске асыру барысында адам құқықтарын қамтамасыз ету мен сақтаудың ортақ міндеті деп санаймын. Сонымен қатар Үкімет адам құқықтарына және адам құқықтарынан көрініс табатын жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген идеологияны тұжырымдауы тиіс, - деді ол.

Әжіғұлова мектептерде, университеттерде, жұмыс орындарында және БАҚ арқылы халықты адам құқықтары туралы ақпарат таратып, белсенді түрде ағарту жұмыстарын жүргізу қажет екенін айтты.

Бұл үшін мектептерде, университеттерде, жұмыс орындарында және БАҚ арқылы халықты адам құқықтары туралы ақпарат таратып, белсенді түрде ағарту жұмыстарын жүргізу қажет. Біздің халықта адам құқықтарын, өзінің және басқа адамдардың құқықтарын дұрыс түсіну және құрметтеу, сондай-ақ өз міндеттерін дұрыс түсіну, басқа адамдардың құқықтарын бұзбау үшін не істеу керегін және өз құқықтарын қалай қорғау керегін үйретіп, қалыптастыру қажет. Егер қоғамдық күн тәртібінде адам құқықтарын сақтаудың маңыздылығы туралы талқылаулар болмаса, онда бұның орнына ерте ме, кеш пе қоғамның дамуы үшін қауіпті ксенофобиялық, деструктивті, жалған ғылыми және адамгершілікке жатпайтын идеяларды талқылай бастайды және таратады, - деді құқықтанушы.

Қабылданған жарлықта адам құқықтарының бірлі-жарым емес, керісінше жүйелі заңбұзушылықтар байқалатын салалары белгіленген:

- БҰҰ шарттық органдарымен және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің арнайы рәсімдерімен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру;

- адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету;

- мүгедек азаматтарға қатысты адам құқықтары;

- әйелдерге қатысты дискриминацияны жою;

- бірлесуге берілетін бостандық құқығы;

- пікірін еркін білдіру құқығы;

- адамның өмір сүруге құқығы және қоғамдық тәртіп;

- үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру;

- адамның қылмыстық сот төрелігі саласындағы құқықтары, азаптау және қатыгездік көрсетуді алдын алу саласындағы адам құқықтары.

Құқықтанушы адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы олқылықтар туралы айтты.

Мысалы, адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету саласында, әсіресе адам саудасы құрбандары іс жүзінде мынадай проблемаға тап болады: егер олар шет мемлекеттің азаматтары болып табылса және ұзақ уақыт бойы Қазақстанда рұқсат беру құжаттарынсыз еңбек құлдығында болса, онда оларды көші-қон режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартады. Олар көші-қон заңнамасының талабы бойынша елден кетуге мәжбүр. Осыған байланысты олардың қылмыстық іс қозғау үшін елде болуға, сондай-ақ адамдарды, ұйымдастырушылар мен адам саудасына көмектескендерді жауапкершілікке тарту үшін тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде Қазақстан аумағында болуға мүмкіндігі жоқ. Тиісінше, адам саудасының құрбандарының елде болуын заңдастыруға және тергеу әрекеттері мен сот ісі аяқталғанға дейін қажетті әлеуметтік қолдау алуға, қылмыскерлердің ешқайсысы жауапкершіліктен кетпеуі үшін осы салада заңнамаға өзгерістер енгізу қажет, - деді ол.

Сонымен қатар Халида Әжіғұлова мүгедек азаматтардың құқықтары толық көлемде қамтамасыз етілмей келетінін атап өтті.

Мүгедек азаматтардың құқықтарына қатысты айтар болсақ, өкінішке қарай, азаматтардың осы тобының адам құқықтары лайықты өмір сүріп, өз әлеуетін іске асыруы үшін толық көлемде қамтамасыз етілмейді. Ал бұл еліміздің және қоғамның дамуы үшін өте маңызды адами капитал, - деді ол.

Осы ретте ол әйелдерге қатысты дискриминацияны жою жөніндегі шараларға толығырақ тоқталып, биылғы жылдан бастап қандай шаралар қолға алынғанын айтты. Сонымен қатар ол Кеңес Одағынан мұра болып қалған тыйым салынған кәсіптердің тізімі туралы түсіндіріп өтті.

Заңнамада және іс жүзінде әлі күнге дейін әйелдерді дискриминациялауға әкеп соғатын заңнаманың олқылықтары мен ескірген нормалары бар. Мысалы, әйелдердің еңбегін пайдалануды шектейтін жұмыстардың тізімі әлі де бар. Бұрын 2020 жылға дейін бұл әйелдерге тыйым салынған кәсіптердің тізімі болған. Тыйым салынған кәсіптердің бұл тізімі бұрыннан ескірген және бізге Кеңес Одағынан мұра болып қалған. Ол алғаш рет 1930 жылы қабылданды, соңғы тізім 1978 жылы, яғни 40 жыл бұрын қабылданды. Бір кездері бұл тізім әйелдерге қамқорлық жасау және олардың репродуктивті құқықтарын қорғау мақсатында қабылданған еді. Алайда зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары әйелдердің денсаулығына ғана емес, ерлердің денсаулығына да зиянды. Тізімдегі барлық мамандық өз иелеріне миллиардтаған табыс әкелетін өндірістерге тиесілі: мұнай-газ саласы, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс, металл балқыту. Осы өндірістердің меншік иелері жынысына қарамастан, жұмыс істейтін барлық азаматымыз үшін еңбек жағдайларының зияндылығы мен қауіптілігін азайту мақсатында өндірістерде осы заманғы технологияларды енгізуге міндетті деп санаймын, - деді ол.

Ол АҚШ-та, Еуропада және басқа да дамыған елдерде де мұнай өндірілетінін атап өтті. Айтуынша, оларда да ауыр әрі зиянды өндірістер де бар. Алайда тыйым салынған кәсіптердің мұндай тізімі жоқ. Өйткені бұл елдерде ұзақ уақыт бойы Қауіпсіз еңбек жағдайлары жасалған.

Егер біз бұрынғы КСРО-дағы көршілерімізге қарайтын болсақ: барлық 15 республика да тыйым салынған кәсіптердің тізімін мұра етті. Алайда ол Арменияда, Грузияда, Украинада, Молдовада және тіпті Өзбекстанда толығымен жойылды! Өзбекстанда да 456 кәсібі бар КСРО-дан мұраға қалған толық тізім болды. Бірақ елдің жаңа прогрессивті басшылығы оны 2019 жылы толығымен жойды. Өйткені олар қазіргі жағдайда оның қажет жоқ екенін түсінеді. Сондықтан бұл тізімді толығымен жою керек деп санаймын. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазір тізімде көрсетілген мамандықтар бар барлық өндірісте қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау жөніндегі үздік халықаралық практиканы зерделеу және зиянды және қауіпті өндірістердің қазақстандық меншік иелерін өз өндірістерінде дәл сондай практиканы енгізуді міндеттеу ұсынылады. Осылайша, еңбек саласындағы әйелдерге қатысты кемсітушілік нысандарының бірі жойылады, - деді Әжіғұлова.

Сондай-ақ құқықтанушы жұмыс орнындағы әйелдерге қатысты дискриминацияның тағы бір түрі - жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қысым көрсетуге қарсы заңнаманың болмауы екенін атап өтті. Оның сөзінше, әйелдер жұмыс орнында зорлық-зомбылық, жыныстық қудалау, зорлау фактілеріне жиі тап болады.

Мысалы, 2019 жылы Шымкент қаласындағы Мемлекеттік қалалық аурухананың дәрігері медбике болып қызмет ететін әріптесін зорлады. Биыл Алматыда құрылыс алаңында құрылысшы өз әріптесін зорлады. Екі жағдайда да зорланған әйелдер, бұған дейін де зорлық көрсеткендер тарапынан бірнеше рет жыныстық зорлық-зомбылықты бастарынан кешірген. Дамыған құқықтық мемлекеттерде әрбір компанияның жұмыс орнында сексуалдық қол сұғушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі саясаты бар. Бұл саясат барлығына да, ерлер мен әйелдерге де қатысты. Өйткені қысым көрсету екі тараптан да жасалуы мүмкін, - деді ол.

Әжіғұлова Қазақстанда жұмыс берушілер өз қызметкерлерін қудалаудан қорғау үшін ешқандай саясат жүргізбейтінін айтты.

Бірақ Қазақстанда көбінесе әйелдер сексуалдық қолсұғушылықтан зардап шегеді. Дәл сол себепті жұмыс берушілер өз қызметкерлерін қудалаудан қорғау үшін ешқандай саясат жүргізбейді. Қысым көрсету жайттары хабарланған жағдайда тәртіптік шаралар қабылдамайды. Салдарынан әйелдер жұмыстан шығып, басқа жұмыс іздеуге мәжбүр. Мұндай дискриминация әйелдердің мансаптық өсуіне теріс әсер етіп қоймай, әйелдердің экономикалық әлеуетін толық іске асыруға және олардың елдің экономикалық өміріне қатысуына кедергі келтіреді, - деді ол.

Өз ойын қорытындылай келе, құқықтанушы әйелдерге қатысты сексуалдық қолсұғушылықты түп-тамырымен жою үшін мемлекет пен министрліктерге бірқатар ұсынысын айтты.

Дискриминацияның осы түрін жою үшін біздің мемлекетке ХЕҰ 190 «еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен сексуалдық қолсұғушылықты жою туралы» конвенциясын ратификациялау мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қысым көрсетуді болдырмау туралы модельдік кодекс немесе саясат әзірлеу қажет. Бұдан бөлек барлық жұмыс берушіні жұмыс орнындағы зорлық-зомбылыққа және қысым көрсетуге қарсы саясатты қабылдауға міндеттеу үшін Еңбек кодексіне түзетулер енгізу керек. Қызметкерлерді осы тақырып бойынша міндетті түрде оқыту қажет. Жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қысым көрсетуді дәлелденген жағдайда жауапкершілікке тарта отырып, анықталған жағдайларды тергеу жөніндегі комиссиялар құру ұсынылады, - деді Әжіғұлова.

Өзгелердің жаңалығы