Букмекерлік кеңселер және лудомания. Қоғам дертіне айналған мәселе қалай шешілмек?

Букмекерлік кеңселер және лудомания. Қоғам дертіне айналған мәселе қалай шешілмек?

Жақында Мәдениет және спорт министрлігі 3 букмекерлік кеңсенің лицензиясын сот тәртібімен жою бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын мәлім етті. Ал жыл басынан бері заңнаманы бұзған 5 букмекерлік кеңсенің қызметі тоқтатылды. Қазақстанда соңғы жылдары белең алып, қоғам дертіне айналған осынау мәселеге BAQ.KZ тілшісі шолу жасады.

Сандар не дейді?

Соңғы жылдары Қазақстандағы букмекерлік кеңселер саны 2 еседен астам қысқарды. Мысалы 3 жыл ішінде букмекерлік кеңселер 15 лицензияны өз еркімен тапсырған. Егер 2021 жылдың басында елде 38 букмекерлік кеңсе жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 16-ға дейін азайды. Ал оның ішінде тек 12-сі іс жүзінде жұмыс істеп тұр.

Дегенмен букмекерлік кеңселердің санын азайту қалыптасқан жағдайды түзей ала ма? Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, олар халық, әсіресе, жастар арасында түсіндіру жұмысын барынша жүргізіп жатыр.

Министрдің тапсырмасы бойынша осы бағыттағы жұмыс күшейтілетін болады. Бүгінгі таңда министрліктің қатысуымен ойын бизнесі және лотерея қызметі саласындағы заңнамаға 62 түзету енгізіліп, ілеспе нормативтік-құқықтық актілерді көздейтін 3 заң жобасы әзірленді. Сонымен қатар біз ойын бизнесінің жарнамасымен күресу үшін заңнамалық деңгейде түзетулерге бастамашы боламыз, - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Ал осы жылдың басынан сот шешімімен 5 букмекерлік кеңсе жабылды, себебі олардың жұмысы қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес келмеді. Қазіргі уақытта тағы 3 букмекерлік кеңсеге қатысты лицензияларының күшін жою жұмысы жүріп жатыр.

Қазақстандағы ойын бизнесі субъектілерінің жалпы саны да кеміп жатыр. Соңғы 5 жылда олар 2,5 есе азайды. Егер 2018 жылы 97 болса, биыл олардың саны 38 бірлікті құрайды.

Мәдениет және спорт министрлігі букмекерлік кеңселер мен ойын бизнесінің басқа да нысандарының заң нормаларын сақтауын мұқият қадағалайды. Мәселен 2023 жылдың басынан министрлік сот тәртібімен ойын бизнесі саласындағы 7 лицензияның қолданылуын тоқтатты. Осыған ұқсас тағы 7 ұйымға қатысты жұмыс атқарылып жатыр. Сондай-ақ интернетте де мониторинг жүргізіледі. Биыл 3670 заңсыз онлайн-казино бұғатталды,- деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Министрлік не дейді?

Қоғам дертіне айналған мәселемен Мәдениет және спорт министрлігі барынша кіріскен сияқты. Министр Асхат Ораловтың айтуынша күн тәртібіндегі басты тақырып «лудоманиямен күрес» болмақ.

Осыған орай министрлік жанынан заңға өзгерістер енгізу үшін жұмыс тобы құрылып, белсенді жұмыс атқарып жатыр.

Бүгінгі таңда қала көшелеріне қарайтын болсақ, елордадан бастап шалғайдағы ауылға дейін әрбір көшеде билбордтар, баннерлерде құмар ойындардың жарнамасы тұр. Ешқандай тәртіп жоқ. Сондықтан бұның бәрін тоқтатуымыз керек. Қажет болса, букмекерлер өздерінің жарнамаларын тек демеушілік ететін спорттық іс-шараларда және өз кеңсе ғимараттарына ғана орналастыра алатындай етіп заңнаманы күшейтетін боламыз. Керек болса арнайы бұйрықтарға, заңға да өзгерістер енгізу қажет. Бұл мәселені шешуді созбай, тез арада шешім қабылдауымыз маңызды. Осы бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек, - деді Асхат Оралов.

Депутаттар не дейді?

Мәжіліс депутаты Руслан Берденовтың айтуынша, бұл проблема қоғамдағы қайғылы жағдайлардың көбеюіне және жастар арасында қылмыстың өршуіне әкелді.

Бас прокуратурасының деректеріне сәйкес 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған, оның 20%-ы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған. Қазіргі уақытта түзеу және пенитенциарлық мекемелерде 34702 адам ұсталып отыр. Түрмеде сотталған 1 адамды ұстауға күніне 5800 теңге жұмсалатынын, жылына 2,2 миллион теңге шығын келетінін атап өткім келеді. Осындай адамдарды күтіп-бағуға арналған жалпы шығын – 76,3 миллиард теңге. Алайда көрсетілген қаражатты профилактикаға бөлу және құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салу арқылы осы санаттағы құқық бұзушылықтардың өсуін болдырмауға болады. Бұдан басқа 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес 3676 суицид фактісі жасалды, оның әрбір бесіншісін құмар ойынға құмар адам жасады, - дейді депутат.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі келесідей болған:

  • 2020 жылы – 89,7 миллиард теңге;
  • 2021 жылы – 501,2 миллиард теңге;
  • 2022 жылы – 600 миллиард теңгеден астам.

Осылайша соңғы 3 жылда біздің азаматтар құмар ойындарға 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес 2022 жылы ойын бизнесін ұйымдастырушылары 109 миллиард теңге салық төлеген. Бұл ретте лудоманиядан емдеу курсы орта есеппен бір адамға 400 мың теңге болады. Елде осындай 350 мыңға жуық адам бар екенін ескерсек, оларды емдеуге жұмсалатын шығын 140 миллиард теңге болмақ, - дейді депутаттар.

Үкімет не дейді?

Елдегі күрдегі мәселе жетер шегіне жетті деп анық айтуға болады. Сондықтан Мәжіліс депутаттары бірінен кейін бірі депутаттық сауал жолдап, ұсыныс-пікірлерін білдіріп жатыр.

Осы орайда бір топ депутат Үкімет басшысына келесідей ұсыныстар жолдады.

  1. заңнамалық деңгейде барлық ақпараттық алаңдарда (ТВ, радио, сыртқы жарнама, билбордтар және т.б.) осындай ұйымдарды жарнамалауға толық тыйым салу;
  2. интернетте құмар ойындарды бұғаттау үшін интернет-контентті шектеу бойынша ең озық жүйелердің бірі ретінде Қытай тәжірибесін зерделеу;
  3. Банк карталары, POS-терминалдар, ұялы байланыс операторлары арқылы ойын шоттарының төлемдерін қабылдауға тыйым салу.

Ал депутат Айдарбек Қожаназаровтың ұсынысы бойынша букмекерлік кеңселермен күрес жөніндегі нақты бағдарламаны әзірлеу үшін «Қазақстан халқына» қорына 200 миллион теңге ақша аударуға міндеттеу керек. ⠀

Депутаттарға Премьер-министр Әлихан Смайылов жауап беріп те үлгерді.

Заң жобалары аясында банктерге және төлем жүйелеріне ойын бизнесін шетелдік ұйымдастырушылардың заңсыз қызметі кезінде қаржы операцияларын жүргізуге тыйым салуды белгілеу, бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын шектеу, ақпараттықтелекоммуникациялық желілерді, оның ішінде Интернет желісін, байланыс құралдары мен лотерея терминалдарын пайдалана отырып, лотерея билеттерін таратуға тыйым салуды енгізу, 21 жасқа дейінгі адамдарды құмар ойындарға тарту және бәс тігу үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігін белгілеу бойынша және т.б. түзетулер көзделген, - деп сендірді ол.

Оның айтуынша, қазіргі кезде заң жобалары бойынша Үкімет қорытындыларының жобалары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталып жатыр.

Осы мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, оны шешу бағытында Үкіметпен қатар қоғам өкілдерінің және депутаттық корпустың атсалысуы қажет деп санаймыз. Үкімет заң жобалары аясында құмар ойындарға тәуелділікке қарсы тұру бойынша нақты ұсыныстарды талқылауға дайын екендігін білдіреді, - деді Әлихан Смайылов.

Бәс қоятындар не дейді?

Бәс тігу мен казино, лото, кено сияқты құмар ойындары екі бөлек нәрсе. Құмар ойындарында жеңіске жету үшін арнайы білім, еп, сараптама қажет емес. Сәттілік керек. Ал бәс тігуде ше? Әлбетте сәттілік керек, бірақ көп жағдайда адамның білімі қажет. Өйткені бұл да форекс, биржа сияқты тәуекел ала алатын және сараптама жасалатын нәрсе. Ал қаржылық консультант немесе инвестиция кеңесшілерін букмекер саласында каппер деп атайды. Олар ұзақ сараптамалардан кейін басқаларға қай опциялардың ықтималдығы жоғары екендігі туралы ақпарат береді, - дейді блогер Аршат Ораз.

Оның айтуынша, жалғыз адам емес, кәдімгідей агенттік болып жұмыс істейтіндер бар. Тіпті құнды қағаз нарығында жүрген фондтар да спорттық оқиғаларға бәс тігу үшін арнайы бөлім ұстайды екен.

Жалпы айтайын дегенім: бәс тігу - интеллектуал жұмыс. Ұзақмерзімді айналыссаң, табыс әкелетін нәрсе. Бар ақшасынан айрылып немесе үнемі қарыз сұрап жүретіндерді, отбасынан ажырасқандар туралы естіген боларсыз? Бұлар таза лудомандар. Лудомания да наркомания сияқты, бәс тігуге тәуелділік. Мұндай адамдар әдетте аз сома қойып, тез және көп ұтқысы келетіндер. Бәс тігу мен казино ойындарын ажырата алмағандар деуге де болады. Бұл жерде сараптама жоқ, тек сәттілікке тәуелді, - деп ой бөлісті ол.

Мамандар не дейді?

Мамандардың айтуынша, адамдардың құмар ойындарға әуес болуы психологиялық аурудың бір түрі. «Лудомания» латын-грек тілінен аударғанда «мен ойнағанды құмартамын» деп аударылады. Яғни бұл адам бойындағы құмар ойындарға деген патологиялық бейімділік. Оның өмірінде құмар ойындар әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардан жоғары тұрады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ауытқуға «құмар ойындарға патологиялық еліту» деген анықтама береді.

Психотерапевттер людомандарды нашақорлармен немесе маскүнемдермен салыстырады. Бұл тәуелділіктің пайда болуының нейропсихологиялық механизмінің ұқсастығына байланысты. Ауру 4 негізгі кезеңде дамиды:

  1. Жеңіс – адам жеңістің немесе жеңіл ақша алудың дәмін сезеді. Тіпті кішкентай жеңістер патологияның дамудың бастамасы болуы мүмкін. Себебі олар жеңіс сәтін қайта-қайта сезінуге деген ұмтылысты тудыратын механизмді іске қосады;
  2. Ұтылыс – адам ақшасын жоғалтып, жағымсыз эмоцияларға тап болғанына қарамастан, шығынды қайтару механизмі қосылады. Ол үшін лудоман өзінің жинақ ақшасын жұмсап, достарынан қарыз алып, тіпті несие алуға дейін барады;
  3. Ақыл-естен тану – бұл кезеңде адамның ойлануды мүлдем қояды. Ойыншы мақсатына жету үшін бәріне барады, ал көмекке келген адамдарды жау көреді. Бәс тігуге ақша табу үшін мұндай адам тонауға және тіпті адам өлтіруге баруы мүмкін;
  4. Үмітсіздік – ойынға тәуелділіктің соңғы кезеңі. Бұл психологиялық ауытқудың күрделі дәрежесі. Адам әлеуметтік байланыстарын үзе бастайды. Бұл кезеңде өмірде қуаныш пен тыныштық сезімін тудыратын факторлар қалмайды, ол құмар ойындардан көңілі қалса да, тоқтай алмайды.

Құмар ойындардан емдеу өте күрделі жұмыс. Ол үшін тәуелділіктің дамуына әкелуі мүмкін факторларды азайту немесе толығымен жою қажет. Мұндай факторларға мыналар жатады: стресстік жағдайлар, әлеуметтік қарым-қатынастың төмендігі, компьютерлік ойындар мен құмар ойындар оңай қол жетімді.

Тәуелділікті емдеу әрдайым кешенді түрде жүргізілуі керек, содан кейін науқасты оңалту керек. Емдеу схемасы есірткіге немесе алкогольге тәуелділікті емдеуге ұқсас.

Емдеу режимін анамнез деректері мен жүргізілген диагностика негізінде дәрігер-психотерапевт тағайындайды. Емдеуден кейін пациент қалыпты өмірге орала алады.

Бөлісу: