Бүгіннен бастап банкроттыққа өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Банкроттық туралы заң қалай іске асады?
2022 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойылды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды. Заң жобасын әзірлеу барысында жеке тұлғалардың банкроттығы институты қалыптасқан елдердің тәжірибесі сараланып, тиісті нормалар алынды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың несие қарызы 14 трлн теңгеге жеткен. Соның ішінде тұтынушылық несиенің көлемі – 8 трлн теңгені құраған. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, 1,5 млн адам қаржы институты алдындағы қарызын төлей алмай жүргеніне 90 күннен асып кеткен. Бір басында бірнеше несиесі барлар да жетерлік. Яғни, азаматтардың төлем қабілетінің нашарлауы аталған шараға жүгінуге мәжбүр етті деген қорытындыға келуге болады.
Заң жобасын әзірлеу барысында жеке тұлғалардың банкроттығы институты қалыптасқан елдердің тәжірибесі сараланып, тиісті нормалар алынғанын атап өттік. Осылайша, рәсімдердің 3 түрі енгізілді. Олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитордың борышкерді банкрот деп жариялау жайлы өтініш беруге құқығы болмайды.