Бүгіннен бастап Алматыда тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен жеке тұлғаларға өтемақы төленеді

24 Қаңтар 2022, 10:39
1764
Бөлісу:
Бүгіннен бастап Алматыда тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен жеке тұлғаларға өтемақы төленеді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында әкімнің орынбасары Ілияс Өсеров хабарлады.

Өсеровтің айтуынша, мемлекеттік органдардың, ауруханалар мен БАҚ-тың зардап шеккен 603 қызметкеріне өтемақы төленеді. Оның қатарында 592-і құқық қорғау органдарының қызметкері, Төтенше жағдайлар департаментінің 1 қызметкері, жергілікті атқарушы органдардың 3 қызметкері, «Алматы» телеарнасының 1 қызметкері және медициналық ұйымдардың 6 қызметкері бар.

Жарақат алып, зардап шеккендерге өтемақы үш санат бойынша беріледі. Ауыр дәрежеде - 2 млн теңге, орташа дәрежеде – 1 млн теңге, жеңіл түрде – 500 мың теңге есебінде.

Сонымен қатар ТЖ кезінде жұмылдырылған полиция департаментінің 3878 қызметкеріне, Төтенше жағдайлар департаментінің 1207 қызметкеріне, Қоғамдық денсаулық басқармасының 3888 қызметкеріне, құтқару қызметінің 93 қызметкеріне 100 мың теңге қаржылай көмек төленеді.

Бүгін тиісті құжаттар қазынашылыққа жіберіліп, түстен кейін алғашқы төлемдер жасалады, - деп атап өтті Алматы әкімінің орынбасары.

Полиция департаментіне тиісті тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін зардап шеккен автокөліктерге төлемдерді қамтамасыз ету үшін шамамен 200 млн теңге мөлшерінде бастапқы сома жіберілетін болады. Қажет болған жағдайда бұл сома көбейтіледі.

Өзгелердің жаңалығы