Ертіс өңірінде қызметіне адал, көмекке зәру жанның қамқоршысы бола білген полицейлер жетерлік. Әсіресе, адам өміріне араша болып, «бүгінгі күннің батырлары» атанғандар жұртшылықтың ыстық ықыласына ие. Адам өмірін сақтау жолында өз басын қауіп-қатерге тіккен тәртіп сақшыларымен BAQ.KZ агенттігінің тілшісі аз-кем әңгімелесті.
Ердәулет Макимов – Ақтоғай аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі. Тәртіп сақшысы «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды. Жоғары наградаға тергеушінің 12 және 14 жасар жасөспірімді өлім аузынан құтқарғаны себеп.
Ердәулет Макимов ағыны күшті Ертіс өзініне батып бара жатқан балаларды көріп, батыл шешім қабылдай білді. Ересектердің қарауынсыз жүрген екі жасөспірім суға түсіп, тілсіз жаудың құрбаны бола жаздады.
«Жазда отбасыммен Жамбыл ауылының маңында Ертіс өзенінің бойында демалуға келдік. Бір мезетте балалардың айғайын естідім. Жүгіріп барсам, екі жеткіншек суға батып бара жатыр екен. Ойланбастан, өзенге түсіп, бірінші баланы алып шықтым. Ал екінші бала көрінбей кетті, ағынға төтеп бере алмай бата бастады. «Нар тәуекел» деп шешім қабылдап, екінші рет суға қарай жүгірдім. Абырой болғанда, оны тауып, сыртқа шығарып алдым. Балалардың денсаулығы мен өміріне қауіп жоқ екеніне көз жеткізген соң ғана есімді жидым. Кейін өз өміріме де қауіп төнгенін түсіндім. Өйткені, екінші ұл бала қорқып қалғандықтан, мені де өзеннің түбіне тартты. Алайда, оқыс оқиға кезінде ол туралы ойлануға уақыт болған жоқ. Шұғыл шешім қабылдаудың арқасында қайғылы жағдайға жол берілмеді. Екі отбасының балалары аман қалды. Мен жүзу спортымен арнайы айналысқан жоқпын. Ертістің бойында өскендіктен, бала кезден жүзуді білдім», - дейді Ердәулет Макимов.
Бір қызығы, тәртіп сақшысы бұл әрекетті кезекті еңбек демалысы кезінде жасапты. Полицейдің ерлігі туралы әлеуметтік желілерге хабар тарамаса, жұртшылық бұл оқиға туралы білмес те еді.
«Қазіргі уақытта балалар дін аман. Әрине, келесі жолы қауіпсіздік ережелерін сақтап, ағыны күшті өзенге түсіпейді деген сенімдемін. Өмірлік сабақ болды деп ойлаймын. Оқиғадан соң жігіттердің ата-анасы оларды құтқарғаным үшін әлеуметтік желілер арқылы алғыс айтып, хабарлама жазыпты. Бұны оқыған басшылығым мені марапатқа лайықты деп санады. Өз басым, бұл әрекетті батырлық деп есептеймін. Менің орнымда болған кез келген әріптесім дәл осындай шешім қабылдайды деп айта аламын. Жұртшылық үшін ерлік болып көрінгенмен, мен үшін елге адал қызмет етумен пара-пар», - дейді аға тергеуші.
Ердәулет Макимов ішкі істер саласында 16 жыл бойы еңбек етіп келеді. Үш ұл баланың әкесі. Тәртіп сақшысының еңбек жолындағы бір мақсаты бар, ол – адал, абыройлы қызмет ету және халықтың қауіпсіздігін сақтау.
Ал Аққулы аудандық полиция бөлімі кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі аға учаскелік инспекторы Елдос Қойкен екі баланың анасын құтқарып қалды. Азаматша үйдегі жанжандан соң суға кетіп, өзіне-өзі қол жұмсамақ болды. Бұл әрекеті үшін полицей Мемлекет басшысының жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
«Жұмыстағы патрульдеу кезінде Жамбыл ауылының тұрғыны Ертіс жағасына кетіп қалғаны туралы хабарлама түсті. Балаларынан сұрастыра келе азаматшаның өмірімен қош айтыспақшы болғанын білдік. Біз дереу өзен жағасына жетіп, тұрғынның суға серкіріп кеткенін көрдім. Көп ойланбастан, артынан мен де суық суға секірдім. Сол кезде бойымда қорқышын сезімі болған жоқ. Өйткені, екі баланың анасын құтқару керек болды. Кейін жерлесім маған алғысын білдірді. Өзім кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспектор болғандықтан, бірінші кезекте отбасы мен балалардың болашағына алаңдадым. Оған қоса, төрт баланы тәрбиелеп жүрген жайым бар. Қазіргі уақытта жанұяның жағдайы жақсы, барлығы түзелді», - дейді Елдос Қойкен.
Қой полицей елге қызмет етуді бала кезден армандағанын айтады.
«Мемлекеттік қызметке жүрегімнің қалауымен келдім. Халыққа жақын болып, құқықтары мен қызығушылықтарын қорғауды мақсат еттім. Міне, он жыл бойы осы қызметтемін. Еш өкінбеймін. Жауапкершілігі мол, қызығы мен шыжығы қатар жүретін жұмыс жаныма жақын», - дейді Елдос Қойкен.
Ердәулет Макимовтың да пікірі осыған саяды. Аға тергеуші осы қызметте еңбек ететінін мақтан етеді.
«Туыстарымның арасында шенділер баршылық. Құтқарушылар, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары болып жұмыс істеп жүр. Мен де ағаларымның жолын қуып, ішкі істер қызметін таңдадым. Сондықтан, мектепті тәмамдаған соң Павлодар заң колледжіне оқуға түстім. Кейін туған жерім, Ақтоғай ауданына оралып, жұмысқа орналастым. Менің ойымша, полицей әрдайым адал және еңбекқор болу керек. Сонда халықтың алғысына да, әріптестердің алғысына да ие боласың. Бұған жуырда балаларды құтқарғаным дәлел. Әрине, жұртшылыққа айтпауды шештім. Себебі, бұл ерлік емес. Дегенмен, ақпарат тез тарап кетті. Полицей үшін адам өмірі – ең басты құндылық. Оны сақтау біздің басты міндеттеріміздің қатарында», - дейді Ердәулет Макимов.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары мектептердегі «Ерлік сабақтарына» қатысып жүр. Мақсат – жеткіншектерді елге адал қызмет етуге және Отанымыздың патриоты болуға шақыру.