Бүгінде балаларымызға сапалы мультфильмдер аса қажет – министр

22 Тамыз 2022, 18:00
1071
Бөлісу:
Бүгінде балаларымызға сапалы мультфильмдер аса қажет  – министр

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Қазақстан киногерлерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өткен демалыс күндері Алматыға жұмыс сапарымен барып, Қазақстан киногерлерімен кездестім, сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясында болып қайттым. Әңгіме бірнеше мәселе төңірегінде өрбіді. Бірінші. Бүгінде киностудияны жаңғырту бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда бұл үдеріс бір-екі жылда жемісін бере қояды деу қиын. Әңгіме техникалық қайта жарақтандыру, инженерлік желілер мен ғимараттарды күрделі жөндеулерден өткізу, сондай-ақ түсірілім алаңдарын салу туралы болып отыр,  - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Кино түсірудегі ең маңызды мәселе – заманауи құралдар мен арнайы техникаларды сатып алу.

Бүгінге дейін кино түсіруге қажетті құралдар, жарықтандыру техникалары, серверлік жабдықтар, деректер орталығы және т.б. сатып алынды. Жалпы киностудияны жетілдіру оны жаңа деңгейге көтеріп қана қоймайды, нарықта бәсекеге қабілетті етеді әрі онда әлемдік картиналарды түсіруге деген қызығушылық жоғарылайды, - деді ол.

Министр жұмыс барысында киноға қажетті ұлттық киімдер қоймасын, фильмдерді өңдеу цехын, анимация шеберханасын, «AlmaU Медиа және Кино мектебін», тағы бірнеше зертхананы арнайы аралап шықты. 

Dolby digital цифрлы кинозалында қазақтың тұңғыш дыбыстық фильмі «Амангелдінің» қалпына келтірілген фрагментін тамашаладым. Екінші. Мемлекет басшысының қолдауымен біз жетекшілік ететін сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру жұмыстарын жалғастырудамыз. Алдағы уақытта «Қазақфильм» қызметкерлерінің де жалақысын көтеретін боламыз. Бұл игі қадам киностудияны креативті жастардың шығармашылық орталығына айналдырады деп сенемін, - деді Дәурен Абаев.

Ол балаларға сапалы мультфильмдер аса қажет екенін атап өтті.

Үшінші. Бүгінде балаларымызға сапалы мультфильмдер аса қажет. Сол мақсатта «Қазақфильмнің» жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылуда. Жыл соңына дейін еліміздегі жас аниматорларға жол ашатын кем дегенде он пилоттық жобаны ұсыну жоспарлануда. Тиісті тапсырмалар берілді. Бұл мәселе ерекше бақылауда болатынын жеткізгім келеді. Төртінші. Жас режиссерлерге қолдау көрсету. Биыл 62 картина мемлекеттік қаржыландыруға ие болды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда екі есе көп, яғни ол кезде шамамен 39 жоба ғана қолдау тапқан болатын. Тағы бір ерекше айта кететін нәрсе, биылғы питчингте жеңімпаз атанғандардың 80 пайызға жуығы жас режиссерлер. Былайша айтқанда, кино әлеміне енді ғана қадам басып келе жатқан жаңа буын. Әлбетте, біз жастарға ерекше мүмкіндік беруіміз қажет. Бесінші. Өздеріңізге белгілі, кино саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесі осыған дейін бірнеше рет көтерілген болатын. Бұл –жеке талқылауды әрі ерекше пысықтауды қажет ететін өте күрделі мәселе. Біз өз тарапымыздан кәсіби қауымдастықпен бірге барлық жайтты егжей-тегжейлі пысықтауға дайынбыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы